Бүгінде Сыр өңірінің тұрғындары арасында әлеуметтік желілер арқылы хакім Абайдың шығармаларын орындаудан түрлі эстафеталар мен челлендждер өтуде. Аймақтағы желі қолданушылары арасында Абай өлеңдерін мәнерлеп оқушылармен қатар, тамылжыта ән орындап жатқандары да бар.
«Әрбір халықтың өз классиктері болады. Қазақ халқының маңдайына біткен ұлы тұлғасы – Абай Құнанбайұлы өзінің тектілігімен, атадан балаға берілген қасиетімен елдің ұлы тұлғасы болды. Ол жастайынан ғылымға, білімге құштар болды. Он жасынан бастап өлең жаза бастады. Абай Құнанбайұлының өлеңдері лирикадан тұрады десек те болады. Қысқа өлеңдері көбінесе табиғатқа арналып, жаз, күз, жазғытұры, қыс деген өлеңдері арқылы табиғаттың төрт мезгілін әдемі суреттеген. Одан бөлек Абай Құнанбайұлының адамның портретін жасаудағы, мінез-құлқын, қадір-қасиетін көрсетудегі шеберлігі зор. Ал, ұлы Абайдың музыкалары құлаққа жағымды. Абай әндерін жас баладан қарттарға дейін орындауға мүмкіндік бар. Әндерінің шарықтау шыңдары өте жоғары нотаны алмайтындықтан, кез келген адам айта алады. Хакім Абайдың туған жері Семей өңірі. Оның музыкалары да сол өңірдің табиғаты секілді жайлы, айтуға ыңғайлы. «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» сынды әндері өте жағымды естіледі, тілі жатық», - дейді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі өнер» институтының директоры Ғани Байұлы.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай дәстүрлі өнер институты ақпан айынан бастап қаладағы қоғамдық орындарда Абай әндерін орындаудан іс-шара бастаған болатын. Ал, қазір бұл бастама елдегі төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік желілерде жалғасып жатыр.
«Абай Құнанбайұлы қара сөздерінде өзінің діни сауаттылығын көрсетіп, адамдарға сыни көзқараспен қарай білді. Әсіресе, жастарды ғылым-білімге, ізденуге шақырды. Бас ақынның:
«Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз.
Дүние де өзі, мал да өзі
Ғылымға көңіл бөлсеңіз», - деген өлең жолдары бар. Ақынның осы бір өлеңі жүз жылдан астам уақыт өтсе де, бүгінгі күні өзекті болып тұр. Сондықтан, өз туындылары арқылы Абай Құнанбайұлы болашақты да болжаған деп айтқым келеді. Жастардың әлеуметтік желілер арқылы бір-біріне Абай шығармаларын насихаттау мақсатында жолдап жатқан челлендждері олардың көңілдеріне ой салады деп айтуға болады», - дейді Ғани Байұлы.