$ 498.34  519.72  4.85

«Короновирустан қайтыс болғандардың санын жасанды түрде көбейтіп отыр» - марқұмның туысы

Оның айтуынша, жолдың сол жағына мұсылмандар, оң жағына христиандар жерленген.
Фото: әлеуметтік желіден алынған
Фото: әлеуметтік желіден алынған

Коронавирустан қайтыс болған марқұмның туысы COVID-19-дан қаза тапқандар саны қолдан көбейтіліп отырғанын және марқұмдарды арулап жерлеу мәдениеті аяқ асты етіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Ағамыз науқастанып, оңала алмай жүргеніне жарты жылға жуықтаған. Диагнозы да жақсы емес. Бауыр циррозы. Бірнеше күн бұрын қан қысымы төмендеген соң баласы жедел жәрдем шақыртқан екен. Сонымен бәрі бітті. «Науқасының жағдайын өзіміз білеміз, ауруханада жатпай-ақ қойсын» - дегенімізге дәрігерлер көнбей қойды. Әншейінде «Біреулер ауруханаға жата алмай жүр екен немесе нашар, алып кетіңдер депті» - дегенді еститін едік. Жоқ жабысып айырылмады. Ағамыздың халін, диагнозын көріп, короновирусқа бір клиент табылды деп қуанып кеткен болуы керек. Қолды-аяққа тұрғызбай, ана ауруханаға бір апарып, мына ауруханаға бір апарып, ақыры короновирус қылып шығарды. Содан бауырымызды көрмедік. Кеше таңда бақилық болғанын естідік», - деп жазады Ләззат Дүйсенбекова.

Оның айтуынша, олар мәйіт берілмейді, сағат сегіз жарымда Қалқаманның мәйітханасынан полигонға алып кетеді, неше метр жерде тұрып қоштасуға екі адамға ғана рұқсат дегенді естіп, молда тауып, Қалқаманға барған. Сол жерде жаназасы шығарылған.

«Жәшікке салып, жәшіктің бетін шегелеп тастаған екен, жүзін де көре алмадық. Мәйітті арнайы машинаға салды, бізге бір машинамен арттарынан баруға рұқсат етті. Қабірді қазып, дайындап қойған екен. Шамамен 1,5 метр тереңдікте қазылыпты. Табыт қабірге түсірілген соң үстіне  екі қап хлор төкті. Бұл не? Адам қайтып кетті, оны дезинфекцияладың, матаға орадың, сыртынан целофанға орадың, оны жәшікке салып шегеледің. Қабірге жәшігімен салдың, енді оның үстіне екі қап хлор төгіп не керек? Осындай шешім шығарып отырғандардың беттеріне де екі мешок хлор төгілуін тілеймін! Осы шешімді шығаруға дін өкілдері де қатысты, осыдан кейін оларға қандай құрмет?», - дейді ол.

Оның айтуынша, жолдың сол жағына мұсылмандар, оң жағына христиандар жерленген. 

«Біз бауырымызды жер қойнауына тапсырып жатқанда, оң жақта 74 жастағы бір қарияны жерлеп жатты. Осы короновирус болмағанда да ол қарияның ертелі-кеш дүниеден өтетіні хақ еді. Осы короновирус болмаса да диагнозы аса жақсы емес біздің бауырымыздың да ертелі-кеш дүниеден өтетіні хақ еді. Осындай жағдайдың бәрін билік арсыздықпен пайдаланып, короновирустан қайтыс болғандардың санын жасанды түрде көбейтіп отыр. 74 жастағы қария христиандардан 8-адам болып, менің бауырым мұсылмандар жағындағы 4-адам болып жерленді. Қайтыс болған адаммен қоштасу, оны арулап жерлеу адамзат баласына тән мәдениеттің, құндылықтың бірі. Осыны қазіргі билік аяқ асты етіп отыр. Туысқандардың бәрі Талдықорғанда, зар еңіреп олар отыр. Ең болмаса қастарына барып көрісе алмай, карантиннен шыға алмай біз отырымыз.  Бауырымызды анау екі-үш сағаттың ішінде апарып, апай-топай көмді де тастады», - дейді марқұмның туысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#коронавирус