Өзбекстанның құқық қорғау органдары Мәскеудегі 4 жасар қыздың өлімінен кейін күдікті Гүлчехра Бобокулованың үлкен ұлы - 19 жастағы Рахматиллоны ұстады деп хабарлайды «Газете.Ru». Бозбала бұған дейін Ресей астанасында тұрып, өткен жылдың қараша айында Өзбекстанға қайта оралған екен. Бұл жайында журналистерге Бобокулованың әкесі Бахретдин Тураев айтып берді.
«Рахматилло Мәскеуден былтыр қараша айында келіп, ол жаққа қайта баруды жоспарлаған жоқ. Оны дүйсенбі күні кешке ұстап әкетті. Баланың қайда екенін, не істеп жатқанынан хабарсызбыз», — деді қария. Оның айтуынша, Рахматилло Ресей астанасындағы базарлардың бірінде жұмыс істепті.
Гүлчехра Бобокулованың үш баласы бар. 2002 жылы оның жүйке жүйесі сыр бергендіктен күйеуімен ажырасыпты. Сол уақыттан бері үлкен ұлы Рахматилло өз әкесімен бірге тұрып келген.
Ал, екінші ұлының жасы 18-де. Ол туристік колледжде білім алып жатыр. Бобокулова оны небәрі 1,5 жыл ғана тәрбиелеген. Үшінші ұлы 2000 жылы туылған. Ол Самарқанда анасының туыстарының үйінде тәрбиеленуде. Жуырда мектепті бітіріп, білімін техникумда жалғастырмақ.
Естеріңізге салайық, 29 ақпан күні Мәскеуде бала күтушісі болып жұмыс істеген Г.Бобокулова өз қарауындағы 4 жасар қызды бауыздап өлтіріп, марқұмның басын қала көшелерінің бірімен алып жүрген болатын. Қылмысының ізін жасыру үшін ол жәбірленуші тарап тұрған үйді өртеп кеткен.
Тергеу барысында күдікті жеке өміріндегі қиындықтардың салдарынан күйзеліске түсіп, осындай әрекетке барғандығын айтқан еді. Оның сөзінше, азаматтық некедегі екінші күйеуі өзге әйелге кетіп, ашуға булыққан ол адам өлтіріп қойған. Дегенмен, медициналық сараптау кезінде Бобокулованың қанында психотропты заттардың бар екені анықталды. Тергеу жүргізіп жатқан полицейлер әйелді қылмысқа өзге біреулердің итермелегенін де жоққа шығармайды. Қазіргі таңда өзге де күдіктілерді іздеу жұмыстары жалғасуда.