$ 494.87  520.65  4.91

Шымкент әкімі жол және газ құрылыстарын тексерді

Шымкенттегі №3 автоматты газ-реттегіш стансасы жоспар бойынша 2021 жылы пайдалануға берілуі керек.

Бүгінгі таңда үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласының дамыу қарқынды түрде жүріп келеді. Оның ішінде жол және газ құрылыстары қала әкімінің тікелей басшылығымен жүзеге асырылып жатыр. Қала аумағындағы жол мәселесі алдағы бірнеше жылда кезең-кезеңімен шешімін табады. Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы жол құрылысы жұмыстарымен танысты, - деп хабарлайды Sn.kz.

Қала әкімінің айтуынша, жол және газ құрылыстарымен қатар, Шымкенттің құрамына енген 41 елдімекеннің де инфрақұрылымы қайта қаралатын болады.

«Қала аумағындағы жол мәселесі алдағы бірнеше жылда кезең-кезеңімен шешімін табады. Шымкенттің құрамына енген 41 елдімекеннің де инфрақұрылымы қайта қаралады. Миллионды қаладағы жол жөндеу жұмыстарына биыл қазынадан 25 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл - қомақты қаражат. Оны уақытында әрі мақсатты игеруіміз қажет», - Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов.

Шымкентте жалпы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2 976,6 шақырымды құрайды. Оның 1 758 шақырымына  асфальт төселген. Қалада  биыл  417,6 шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған бюджет есебінен 25,6 млрд.теңге бағытталған. Оның 5,1 млрд. қаржысы республикалық, қалған 20,5 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қаралған. Бұл қаржыға 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық салынуда. 

Қазіргі таңда қалалық маңызы бар магистралды көшелердің 75,3 шақырымында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Д.Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы мен айналма жолының қайта құру жұмыстары қамтылған. Ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағыттарды қамтып отыр.  Атап айтқанда, Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар жөнделіп жатыр. Оған қоса қала жолдарында көлік кептелістерін болдырмау мақсатында, 4 жолайрықтың құрылысын жүргізу жоспарланған.

Жол құрылысының сапасын тексеру барысында қала басшысы мердігер компаниялар мен техникалық қадағалаушы ұйымдардың өкілдерімен жүздесті. Кездесу барсыныда мердігерлерге жолдың сапасын құрылыс біткен соң емес кемшіліктерді алдын ала анықтап, жою керектігін ескертті.  

«Бұған дейін жол салынып болған соң барып сапасы тексерілетін. Қазір құрылыс жүріп жатқан кезде бақылауға мүмкіндік бар. Ол үшін арнайы жылжымалы зертханалар жұмыс істеуде. Заманауи құрылғы олқылықты дер кезінде анықтап береді», - дейді «Жол активтер сапасы орталығы» филиалының директоры Мұхтар Дүйсенбеков.  

Айта кетейік, «Нұртас» шағынауданында биыл 18,8 шақырымды құрайтын 11 көшенің күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 1,1 млрд., ал, «Бозарықтағы» 6 көшеге 230,8 млн. теңге қаржы қаралды. Облыстық маңызы бар ҚХ-82 автомобиль жолының 18,1 шақырымына күрделі, 8 шақырымы қайта құрылымдаудан өтіп жатыр.  Сайрам су өзенінің үстіне салынып жатқан көпір қыркүйекте пайдалануға беріледі. «Сайрам» шағынауданында 6 көшені орташа жөндеуге 164,8 млн. қаралса, «Базарқақпадағы» 3 көшені орташа жөнделіп жатыр.

Осы тексеріс кезінде қала әкімі Мұрат Әйтенов осы аталған жол құрылысының жұмысымен жеке-жеке танысып шықты. Сонымен қатар, шаһар басшысы Шымкентте салынып жатқан Қазақстан бойынша ең үлкен автоматты газ-реттегіш стансасының құрылысымен танысып қайтты. Аталған станция сағатына 250 мың текше метр газ таратуға қауқарлы. 

Соңғы үлгідегі заманауи қондырғы миллионды қала тұрғындарын толықтай газандандыруға күші жетеді. Шымкент қаласындағы №3 автоматты газ-реттегіш стансасының құрылыс жұмысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов  мердігерлермен жұмыс барысын пысықтап, сапаға мән беруді жүктеді.

Шымкенттегі №3 автоматты газ-реттегіш стансасы жоспар бойынша 2021 жылы пайдалануға берілуі керек. Дегенмен, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының пәрменімен құрылыс биылғы жылдың соңында ел игілігіне тапсырылатын болды.  

Қала әкімдігінің жұмысты ұтымды үйлестіруінің арқасында  қарапайым жұрт қана емес өндіріс те жүз пайыз көгілдір отынмен қамтылатын болады. Қала басшысы жыл басынан бері негізгі басымдықты стратегиялық маңызды жобаларға жұмылдырып, автоматты газ реттегішінің құрылысына қажетті қаржыны дер кезінде бөлдірді. Соның арқасында қала тұрғындары енді табиғи газдан еш қысым көрмейтін  болады. 

Газ құбырының жалпы ұзындығы 58 шағырым. Оның 20 шақырымы «Бейнеу-Бозай-Шымкент» магистралды газ құбырынан автоматты газ реттегіш стансасына дейінгі аралықты қамтиды. Ол жерге сиымдылығы  426 диаметрлі жоғары қысымды газ құбыры тартылуда.  

Үшінші автоматты газ реттегіш стансасынан екі бағытта құбыр желісі тартылады. Батыс құбыр желісінің ұзындығы 22 шақырым.  Оның 16 шақырымы біткен. Шығыс бөлігі бойынша 16 шақырымның 12 шақырымы тартылған.  №3 автоматты газ-реттегіш стансасы іске қосылған жағдайда сағатына 250 мың текше метр газ тарата алады.  50 жылға жарамды құбырдың құрылысымен «StoryGaz Company» ЖШС айналысып жатыр. 

Шымкенттегі  №3 автоматты газ-реттегіш стансасының жұмысымен танысып шыққан қала әкімі Мұрат Әйтенов төтенше жағдай кезінде жұмысшылардың қауіпсіздігін  ескеруді жауаптыларға жүктеді. Аталған обаның жалпы құны 9 миллиард теңгеден асады. Құрылыс негізі үш жылға жоспарланғанымен, мердігер компания нысанды биыл күзде ел игілігне беруді  межелеп отыр. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары