Ұлан-ғайыр даланың төрінде өмір сүрген Алтын Орда мемлекетінің құрылғанына биыл 750 жыл толды. Осы орайда ұлық ұлыс жайында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, археолог-ғалым Әзілхан Тәжекеевпен жасаған сұхбатымызды ұсынамыз.
– Алтын Орда көшпенділері туралы зерттеген ғалымдар оларға қазақтар көбірек ұқсайды деген тұжырым айтқан. Алтын Орда кезеңі бүгінгі қазақ қоғамына қандай мұра қалдырды?
– Қазақстан аумағы үш монғол ұлысының құрамына кірді: үлкен бөлігі – елдің солтүстігіндегі далалық өңірлер мен Ертістің жоғарғы ағысынан Алакөлге дейін, одан әрі батыста Іле мен Сырдарияға дейінгі жерлер Жошы ұлысына қосылды. Оңтүстік жән Оңтүстік-Шығыс Қазақстан Шағатай ұлысына, Солтүстік-Шығыстағы жерлер Үгедей ұлысына қарады. Жошы ұлысының басым бөлігін қазақтың Сарыарқа мен Дешті Қыпшақ далалары құрады. Бұл – қазіргі Қазақстанның солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық аудандары. Дегенмен, Жошы мен оның серіктерінің монғолдар ортасынан тыс, қыпшақ тайпаларының арасында өмір сүрулеріне тура келді. Тайпа билігін қолына алған Жошы өзіне бағынышты ұлыста ұлы монғол империясына тәуелсіз, болашақтағы қазақ хандығының үлесі, дербес мемлекеттің негізін қаламақ болды. Алтын Орданың басты мұрасы «Қазақ хандығын» деп айтуға болады.
– Орыс-татар ғалымдары қазақ халқының Алтын Ордаға қатысы жоқ деген уәж айтады. Неліктен?
– Орыс-татар ғалымдарының барлығы осындай пікірде деп ойламаймын. Мысалы, орыс империясы Алтын Орданың тікелей мұрагері деп оған «дәлелдер» келтіріп, идеялогияға айналдырғысы келетін топ өкілдері де бар.
Жалпы, Шыңғыс ханды қазақ деп немесе оның империясынан тікелей тарихымызды іздеуге, ойлап табуға болмайды деп есептеймін. Тарихи заңдылықтар бар. Көшпенділердің отырықшылармен қоныстас орналасқан, халық тығыз қоныстанған, қала сияқты, егін шаруашылығы барынша дамыған және олармен тұрақты түрде саяси және сауда байланыстарын орнатқан өркениеті дамыған аймақтарында ғана қалыптасқанын аңғарамыз. Мысалы:
Скиф-сақтар мен ежелгі мемлекеттер;
Ғұндар мен Рим империясы;
Түркілер мен Қытай, түркілер мен ежелгі Русь, түркілер мен
Хорезм;
Арабтар, түріктер мен Византия және т.б.
Әскери тарихшы С.Уолкер моңғол жорықтарының салдарына өркениеттің даму контексі тұрғысынан қарайды. Елу жылдан кейін Қытай саяси бірлесіп, көптеген басымдықтарға ие болады. Ұлы Қытай каналы қазылып, Бейжің өседі. Бирмадан Балтыққа дейінгі елдердің билеушілері өркениетті Қытай императоры Құбылайға алым-салық төлейді. Қытайлар Ява, Борнео мен Үнді мұхитына дейін жаулап, Африка мен Мадагаскарға дейін жетеді. Қиыр Шығыс пен Шеткі Батыс арасында сауда жандана түседі. Моңғолдар Қытайдағы ескі өркениеттің іргетасымен бірге оның ескі патриотизм, ұлтшылдығы мен консерватизмін, оның тиімді және ұлы қоғамдық құрылым болуына кедергі келтіретін факторларды жоқ қылады. Есесіне Қытай дамыған деңгейге жетеді. Шыңғыс ханның немерелерінің бірі Ресейге де дәл осылай атасы Қытайға жасаған әрекетті қайталады. Үш жүз жылдан соң Русь бірлесіп, мықты империя құрады. Бұдан байқайтынымыз, ірі жаугершіліктің езгісінен кейбір халықтар жойылса, кейбір халықтар бірігіп, жаңа мемлекет құрайды. Моңғол шапқыншылығынан кейін Орта Азия мен Қазақстан территорияларында араға көп уақыт салмай Алтын Орда, Моғолстан, Көк Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы сияқты ірі мемлекеттер қалыптасты.
– Тәуелсіздік алғалы бері Жошы ұлысы туралы зерттеушілер қатары тым аз. Алтын Орда тарихына зер салуға не кедергі?
– Мен өзім Алтын Орда кезеңінің зерттеушісі емеспін. Бірақ, зерттеулер жоқ, оған кедергілер бар дегенге де сенбеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орданың 750 жылдығын» мерекелеу аясында Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы ретінде насихаттап, Жошы ханның есімін ұлықтауды қолға алу қажеттігін айтқан еді. Ол «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумында осы қасиетті жерді барша әлемге таныту қажеттігін атап өтті. Осының аясында жаңа зерттеулердің іске асары сөзсіз.
– Өткен жылы еліміздің солтүстік аймақтарынан Алтын Орда дәуіріне жататын көне мазарлар табылды. Археолог ретінде сол кезеңнің тұрмысына қатысты ерекшеліктерді атап берсеңіз.
– Бұл зерттеулер барысында Ұлытау ауданының маңында Алтын Орда дәуіріне тиесілі зергерлік бұйымдар мен алтын ыдыстар табылды. Ол жерде құнды жәдігерлерден бөлек, әйел адамның сүйектерінің қалдықтары болған. ХІІІ ғасырға жататын бұл құнды жәдігерлер Ұлытау ауданына қарасты Болған ана кесенесінен табылды. Тұрмысына қатысты айтар болсақ, халық ата кәсібі мал шарушылығы мен егіншілікпен айналысты. Осы шаруашылықтар төңірігінде әлеуметтік құрылыс, жер қатынастары, шартты жер иелену, салықтар секілді әлеуметтік-саяси қатынастар болды. Халық ірі қалаларда, қалалық және селолық қоныстарда тұрды. Қалалық тұрғын үйлердің жаңа үлгілері қалыптасты. Қалалар мен қоныстардың төңірегінде зират молалары орналасты. Археологиялық зерттеулер барысында қолөнердің де жоғары деңгейде болғанын байқаймыз. Қыш құмыра ісі, кірпіш күйдіру кәсібі, мыс және қола құю кәсібі, зергерлік кәсіп, шыны жасау және басқа да бұйымдарды мысал ретінде алуға болады.
– Алтын Орда дәуіріндегі Сыр бойында болған қалалар туралы айтсаңыз.
– Монғол шапқыншылығынан кейін қалалық орталықтардың қалпына келу қарқыны бірдей болған жоқ. Қиратылғанына қарамастан біздің өлкемізде орналасқан Сауран, Сығанақ, Баршынкент, Жент сияқты қалалар тез көтерілді. Бірақ, көптеген қоныстар жойылды. Жалпы, Сыр өңірінде Алтын Орда қалаларынан гөрі, бекініссіз қоныстардың, ауылдардың орны көп болған. Оған саяси факторлар мен қоса экологиялық жағдайлар да әсер еткен сияқты. Мысалы, XIV-XV ғасырларда Арал теңізі қазіргі жағдайға дейін тартылып, оның ұлтанында халықтар тұрып, егін еккен. Оған Аралдың кепкен табанынан табылған Арал-асар қонысы мен Кердері 1, 2 кесенелері дәлел. Оғыздардың астанасы Жанкент қаласында моңғол шапқыншылығынан өмір тоқтағанымен, оның дәл іргесінде Алтын Орданың Мыңтөбе деп аталатын қалашығының орны бар. Осы орайда моңғолдар Сырдың бойындағы қалаларды басып алғанымен, жергілікті халықтың тұрмыс тіршілігін, салтын, дінін, кәсібін өзгерткен жоқ деп айтқым келеді. Өйткені, қалаларды сол маңдағы жергілікті халық салды және олар сол қалаларда өздері өмір сүрді.