$ 498.34  519.72  4.85

Сағынтаевтың орынбасары дәрігерлердің жағдайымен танысты

Қала басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров медқызметкерлерді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды.

Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Төтенше жағдай кезінде 3,5 мыңға жуық медицина қызметкері өз қалауы бойынша жергілікті бюджеттің қаржыландыру есебінен 13 қонақ үй кешені мен 11 жатақханаға орналасқан медицина қызметкерлерінің жағдайын тексерді, - деп хабарлайды Sn.kz.

Ержан Бабақұмаровтың жұмыс тобы 503 медициналық қызметкер тұрып жатқан 5 қонақ үй кешені мен 2 жатақханаға барды. Мұнда Жедел жәрдем, Балалар жұқпалы аурулар мен қалалық жұқпалы аурулар ауруханаларының, Психикалық денсаулық орталығы мен №2 перзентхананың, №5 қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлері тұрып жатыр.

Тексеру барысында тұрғылықты жердің жағдайы, қызметкерлердің бөлмелері, ондағы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларының сақталуы, әсіресе бөлмелердегі дезинфекция жұмыстарының дер кезінде жүргізілуіне ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ жеке қорғану мен жеке гигиена құралдарының жеткілікті деңгейде екендігіне көз жеткізілді.

«Ең бастысы – тұрмыс жағдайы. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері алдыңғы шепте, яғни қауіп-қатер аймағында жұмыс істейді. Оларға ыңғайлы болуы үшін тұрмыста да, жұмыста да дұрыс жүйе қалыптасты. Барлық қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды», – деді Е. Бабақұмаров.

Қала басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров медқызметкерлерді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Азық-түліктің жеткізілуі мен оның сапасын еріктілердің қалалық штабы бақылайды. Медицина қызметкерлерін жұмыс орнына дейін жеткізіп, қайта үйіне апару мәселесі де пысықталды.

«Біз, медицина қызметкерлері, қолымыздан келгенше аянбай жұмыс істеудеміз. Алматы әкімдігіне берілген мүмкіндіктер үшін алғыс білдіреміз. Қажет заттардың барлығы бар, бөлмелер таза, тамақтары да жақсы. Қазіргі уақытта дәрігер ретінде зор жауапкершілікті сезінеміз. Бірлесе бұл дертті жеңетінімізге сенемін», - деді балалар жұқпалы аурулар ауруханасының рентгенолог-лаборанты С.Еркінбеков.

Айта кетейік, Қала әкімінің орынбасарымен бірге Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Стансилав Канкуров, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Бисенбаева мен Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Наталья Дягилева, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы арнайы мониторингтік топ төрағасының орынбасары, «Жастарға жол» қоғамдық қорының президенті Рафаэль Гасанов та танысып қайтты. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары