$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда Ботаникалық бақ қайта ашылады

Қайта құру аясында бақта 174,3 мың жаңа өсімдік отырғызылды.

Алматыда бір жылдан аса уақыт жабық тұрған Ботаникалық бақ реконструкция жұмыстарынан соң қайта ашылады. Қазір оңтүстік партердегі жүргінші жолдарды және жанама аумақта өтетін оңтүстік кіреберіске дейінгі көлік жолы салынып, өсімдік отырғызылып, бақша жиһазы орналастырылып жатыр, - деп хабарлайды Sn.kz.

Қайта құру аясында бақта 174,3 мың жаңа өсімдік отырғызылды. Оның ішінде сирек түрлер мен сұрыптар бар. 1 300-ден астам жаңа тал (балқарағай, боз арша, шие, алма, алмұрт, қараөрік, емен, үйеңкі, қайын, жөкенің түрлері), 40 мың бұта, 130 мың көпжылдық гүл, 3 мың раушан отырғызылды. Ерекше айтатын «Шантеклер» алмұрты, магнолияның бірнеше сорты, Бонсай ағаштары секілді эксклюзивті ағаштар отырғызылған. Қызыл жапырақты «Роял Ред» үйеңкісі де бірінші рет Еуропадан тыс жерде тұңғыш рет Алматы ботаникалық бағынан орын алған.

«Жобаны іске асыру процесінде ағаштарды, бұталар мен көпжылдық өсімдіктерді таңдау негізгі екі принципке негізделді. Біріншіден, оларға максималды мәдени-ландшафттық тартымдылық беру үшін қоғамдық аймақтарда парк-ландшафттық экспозициялар қалыптастыруға тырыстық. Түрлер мен сорттарды таңдау кезінде, өсімдіктердің Алматы қаласының жоғарғы жағының табиғи-климаттық шарттарына талаптары ескерілді. Екіншіден, үшін жаңа түрлер, сорттар мен нысандар іріктеу кезінде Ботаникалық бақтың жетекші мамандарының ұсыныстары есепке алынды», - деді Қайта құру жобасының консультанты Игорь Глуховцев.

Бақтың аумағында сумен жабдықтау жүйесі түбегейлі қайта құрылды. Әрқайсысының қуаттылығы сағатына 40 текше метр екі жаңа артезиан ұңғымасы бұрғыланып, бұрыннан бар екі ұңғыманың өткізгіштік қабілеті сағатына 20 текше метрден 25 текше метрге дейін ұлғайтылды. Әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағында ағатын Кереңқұлақ өзенінен су жинағыш тартылды. Өзеннен баққа тәулігіне 600 текше метр су келетін болады. Су ұзындығы 13 шақырым болатын жаңа арық желісімен келеді. Сонымен қатар, бақта тамшылатып суару және автоматты суару жүйелері тартылған.

Ботаникалық бақтың бүкіл аумағында жалпы ауданы 50 мың шаршы метр болатын жол жасалды. 10 мың шаршы метр болатын жаяу жолдар Қазақстанда қоғамдық аймақтарда тұңғыш рет қолданылған неміс технологиясы бойынша экологиялық жабыннан жасалған. Партерлерде және жолдардың бойында 250 жаңа сәкі, ағаштың табиғи циклына бөгет болмайтын 1 500 төменді жарықтандыру шамы, сондай-ақ келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 1 300 видеобайқау камерасы орнатылған. Бақтың аумағында ыңғайлы бағдарлану және өсімдіктерді зерделеу үшін навигациялық нұсқағыштар мен ақпараттық тақтайша, сондай-ақ енді Android және iOS операциялық жүйесіндегі құрылғылар үшін қолжетімді мобильді қолданба көзделген.

Бақта жас шамасынан, әуестіктерінен және басқа ерекшеліктерінен тәуелсіз барлық адамдар, соның ішінде қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтар үшін бірдей жайлы болады. Мұнда мүгедек арбасы үшін ыңғайлы пандустар тұрғызылған, ал барлық жаяу жүру аймақтарында тактильді жол төселген, павильондарда арнайы жабдықталған дәретханалар бар.

Айта кетейік, ботаникалық бақты қайта жасау жобасына 15 млн АҚШ доллары жұмсалған.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары