Нұр-Сұлтанда жол жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл жалпы ұзындығы 100 шақырым болатын 150 көше жөнделіп, кейбіреуі жаңадан салынады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов бірқатар жолдардың құрылысы барысымен танысты. Е355, Е32, Е489, Е312 көшелерінде төрт жолақты жол құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда желекжол абаттандырылады. Сонымен бірге, қала әкімі №27 көшедегі (Ш. Бейсекова көшесінен Тұран даңғылына дейінгі учаскеде) жол жұмыстарын көрді.
Қала әкімі Алтай Көлгінов жол жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу қажеттігін айтты.
"Сапасыз салынған жолдарды қабылдамаймыз, мердігер өз есебінен қайта жөндейтін болады",- деді әкім.
Елорданың 50 магистральды көшелеріндегі құрылыс пен жөндеу жұмыстары биылдың өзінде көлік ағынын жеңілдетуге және жол жүру үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй кешендеріне апаратын жолдар ескеріледі. Қаланың елді-мекендерінде жалпы ұзындығы 60 шақырымды құрайтын 100 көше жөнделіп, кейбіреуі жаңадан салынады.
Жол жұмыстарына "жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында 1,5 мың адам жұмылдырылады. Барлығы 15 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Азаматтар жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналаса алады.