Бүгін ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған Дәурен Абаев өзіне сенім білдіргендерге ризашылық білдірді. Бұл жайлы ол, Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сондай-ақ ол, қазіргідей күрделі уақытта қоғамның тас-түйін ауызбірлігі мен белсенді азаматтық ұстаным ауадай қажет екендігін айтты.
"Баршаңызға лебіз-тілектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін.
Еліміздің ақпарат саласына жауапты министрлікке жетекшілік еткен жылдары өздеріңізбен бірге табанды, жемісті еңбек еттік деп санаймын. Біз көтерген бастамаларды қолдап, әркез ой-пікірлеріңіз бен сын-ескертпелеріңізді ашық білдіріп, қоғам үшін маңызды мәселелерге жанашырлық танытқандарыңыз үшін Сіздерге зор алғыс айтамын. Қазіргідей күрделі уақытта қоғамның тас-түйін ауызбірлігі мен белсенді азаматтық ұстаным ауадай қажет.
Сондай-ақ, Министрліктің және Министрлікке қарасты ұйымдардағы сарапшыдан бастап басшылық құрамына дейін әрбір қызметкеріне ерекше құрмет білдіріп, алғыс айтамын.
Тағы да оқи отырыңыз: Дәурен Абаев қызметінен босатылды
Ал бүгінгі тағайындау, ең алдымен, маған артылған үлкен сенім деп білемін. Тапсырылған қызметті абыроймен атқарып, қажыр-қайрат пен білім-білігімізді Отанымыздың игілігіне арнаймыз", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.