Ұлы Абайдың 175 жылдығын атау – үлкен абырой. Өйткені Абай қазақтың сөзін түзеді. Түзелген сөзді қисайтуға, ұлылардың еткен еңбектерін еш кетіруге болмайды. Осы орайда ҚР Президенті Қ.Тоқаев Абай Құнайбайұлының 175 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтуді тапсырды, деп хабарлайды Sn.kz.
Абай жолы – соқпақсыз жол. Алдында өткел бермес асулар тұрды. Сары алтындай сабыры барлық қиындықтарға шыдады. Ақылы мен қайраты, қабілет пен дарыны бойына күш бітірді. Сенімі жетеледі. Ол мынаны шүбәсіз ұқты: барлық жеңістің кілті ғылымда екен.
Сонымен қатар бес нәрсеге асық болудың, бес нәрседен қашық болудың заңдылықтарын көрсетті. Биік рух, биік санаға ие болды. Әр сөзін асыл оймен түйіндеді. Рухани қазынасын қазаққа арнады. Өмірін өлеңге сарп етті. Мұқағали ағамыздың «Ұлы болып жаралғаннан, Ұлы болып өмір сүру тым қиын» дейтін сөзі бар. Данышпандықтың жүгі зіл батпан ауыр. Оның қайғысы мен қуанышын кез келген адам көтере алмайды. Ұлы ақын төзім мен сезімнің сынақтарынан сүрінген жоқ.
Абайдың қуанғаны, қазақ – даладай дархан, тауларындай асқақ. Жанын – арына садаға етеді. Есігін ілмеген, құлпыны білмеген. Шындап кетсе, қолынан бәрі келеді. Мұндай ұлтпен бір жасап, бітеқайнасу бақыт емес пе!?
Абайдың мұңайғаны – қазақ осындай жаратылысын пайдаланбайды. Шаруаға қыры жоқ. «Ат-шапаннан кем көрмес, біреу атын қойса қу». Ақылы мен қайратын біріктірмейді. «Жасында ғылым бар деп ескермейді». Ақын – қазақтың осы кемшіліктерін аямай сынады.
Қазақты ұшпаққа шығаратын жол біреу. Ол – ата-бабаның ақ жолы. Ана тілің мен ақиқат дінің. Ар-намысты қалқан етіп осыларды қорғауың керек. Қазақ – ұлы халық. Хакім Абай осы қағидалардың бәрін, оның сөлі мен нәрін ұрпақтарына ұқтырды.
Тұрмыстық өлшеммен қарасақ, Абайдың әулеті – бай әулет. Таршылық көрген жері жоқ. Ішкені – алдында, ішпегені – артында. Ендеше, үйінде тыныш отырмай, неге осыншалық әуреге түсті? Сіздің де, біздің де сондай сұрақ қоюға хақымыз бар. Оған өмірдің өзі жауап қайтарып отыр.
Абай айналасына жүрегінің көзімен қарады. Сондықтан Алланың құдіретін, Жаратқанның шексіз шеберлігін таныды. Нағыз ақиқаттың не екенін ұқты. «Менікі ғана шындық» дейтін тәкаппарлықты қостамады. Ұлы ақынның пайымдауынша, ақиқаттың бағасы қымбат. Ал қымбат нәрсе оңайлықпен табылмайды. Әлемдік философия мен діни ғұламалықтың арқасында ғана ақиқатты жаныңа серік ете аласың.
Абай қазақ қоғамын сынағанымен, үмітсіздікке ұрынбады. «Біз адам болмаймыз» деп елін түңілдірген жоқ. Есесіне, ақынның данышпандық түйсігі ұлы далаға бір келетін жақсылықты сезді. Келешекті солай болжамаса, қазақ үшін күресіп, қазақты түзетем деп жанын салып несі бар?! Ол асыл жырының ақылды ұрпаққа кезігетініне риясыз сенді.
Қателеспеген екен. Ахмет Байтұрсынұлы оны бас ақынға теңеді. «Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ даласында ақын болған жоқ» деді. Абай атақ іздемеді. Оған мұршасы да, құлқы да болмады. Өйткені алдына қойған мақсаты бәрінен биік еді. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дейтін дәрежеге жетудің қамы ақынды күні-түні толғандырды. Себебі сөзі түзелген халықтың өзі түзеледі. Бұл қағидалар өзгерген жоқ. Құны сол қалпында тұр.
Ұлы бабамыз Шығыс пен Батыстың рухани қазынасына қанықты. Жидебайдан шықпай-ақ әлем алыптарымен тілдесті. Олармен иығын теңестірді. Ұлағатын баршаға ұсынды. «Ұстаздық еткен жалықпасты» ісімен дәлелдеді.
Абай артына асыл мұра қалдырды. Ақынның әрбір шумағын данышпандық трактаттары десек қателеспейміз. Қаламын қастерлеген ұлы баба әдебиет ардың ісі екенін ұрпақтарына мәңгілік өнеге етті.