$ 494.87  520.65  4.91

«Келесі жылы қайтарылады»: FlyArystan Шымкент-Нұр-Сұлтан бағытына ұшпайтын ұшақтың билетін сатқан

Қырықтан астам жолаушы таңертеңнен бері Шымкент әуежайының алдында қаңтарылып тұр.

Ұшағы болмаса да, ұшуға билетін сатып жатыр. Шымкентте «Флай Арыстан» билетін алған жолаушылар ұша алмай қалды. Әуе компаниясы 12-мамырға Шымкент-Нұр-Сұлтан бағытына билет сатқан. Бірақ не ұшағы жоқ, не әуежай жұмыс істемей, ақырында жолаушылар не істерін білмей дал болды, деп хабарлады КТК арнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қырықтан астам жолаушы таңертеңнен бері Шымкент әуежайының алдында қаңтарылып тұр. Бірі Нұр-Сұлтан қаласындағы айдан астам көрмеген отбасына асықса, біреуін жұмысқа шақыртқан. Тіпті шұғыл ота жасатуға кетіп бара жатқандар да бар. Онлайн түрде «Флай Арыстан» әуе компаниясына билет алғандар уәделі кезінде келгенде әуежай жабық, ал билет сатқан операторлар түрлі сылтау айтуға көшті дейді.

"Кеш болды, ал ұшақ әлі жоқ. Тіпті телефон соғып сұрағанымызда мардымды ештеңе айта алмады, нақты уақытын айтсаңыздар десем, «білмейміз әуежай қашан ашылады, сол кезде ұшамыз» дейді. Ары қарай хабарласа алмай жатырмыз. «Флай Арыстанға» мен бұдан кейін мүлдем жоламаймын", - деді жолаушы Ақжарқын Наурызбаева.

Әуе компаниясының жолаушыларға жіберген соңғы хабарламасында рейс 1 сағат 10 минутқа ерте ұшатыны ғана айтылыпты. Мүлдем ұшпайтыны туралы ескертілмепті. Ал 20 мың мен 100 мың теңге аралығында билет алғандардың әрқайсы қосымша 18 мың теңгеге короновирусқа қатысты тест тапсырған. Ал билет құнын сұрағандарға «ақшасы келесі жылы қайтарылады» деп жауап берді дейді жұрт. Таңертеңнен бері әуе компаниясының өкілдерін шақыртқанымен, олар келген жоқ. Ел шулаған соң жеткен қала әкімінің орынбасары әуе компания басшылығымен телефон арқылы сөйлесті.

- Жанара, қазір былай істейік, мен әуежай қызметкерлерін шығарамын, дайындаламыз, сіз түнде борт жіберсеңіз қайтеді?

- Мен сізге ештеңе айта алмаймын.

- Сосын ол жерде қанша жолаушы қалды?

- Билеттерді сатып, өздеріңіз қанша жолаушы бар екенін білмейсіздер.

Нағыз қызық содан соң басталды. Билетті қанша адамға сатқанын да білмейтін әуе компаниясы әкім орынбасарынан адам санын білуді сұрап, ал қала басшысы қой санағандай есептеуге мәжбүр болды. Есеп бойынша 70-тен астам жолаушы бар екен. Енді соларды Нұр Сұлтанға қалайда жіберу керек.

"Қазір әуежайды борт қабылдауға дайындаймыз, шұғыл түрде. Адамдарды жұмысқа шығарамыз. Екі-үш сағат ішінде дайындаймыз. Ол кісілерді Нұр Сұлтанға әкетіңіздер деп. Бірінші ұсынысымыз", - деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исақов.

Ал екіншісі Нұр Сұлтанға ұшатын ертеңгі рейске тағы бір ұшақ қосып, бүгін кететіндерді ертеңгілермен бірге жеткізу ұсынысы. Бірақ билет сатуды білгенмен, ұйымдастыруы олақ әуе компанияның бұл ұсыныстарды орындау-орындамауы белгісіз. Енді әуежайда қалған жолаушылар ұшып кеткенше, олардың ас-суы әуежай мен Шымкент әкімдігінің мойнында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#ұшақ #FlyArystan