Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен ұлтымыздың ұлы перзенті Абайдың туғанына 175 жыл толған мерейтойын мемлекеттік деңгейде өткізу туралы шешім шығарылып, дайындық басталып та кетті. Бұл орайда Президенттің өзі бас болып «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақала жазып, данышпан ақынның шығармаларындағы тағылымдық ойларды танып-білуге, оны санаға сіңіру жолдарын меңгеруге бағыт беруі алдағы атқарылар істердің қарқын алуына себепші болып отыр, деп жазады Sn.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды» деп жазғанындай әмбебап дарын, озық ойлы данышпан, хакім Абайдың даналық ойларын ұрпақ санасына тармақтап жеткізіп, тереңге бойлату – бүгінгі атқарылар істің басты міндеті болса керек.
Абай даналығын танып-білу, Абай шығармаларынан нәр алып, оның тереңіне бойлау, қаныға түсу – ұрпақтан-ұрпаққа ауыса беретін ұлы міндет. Өйткені тарих көшінің қай кезеңінде де Абай көтерілген сана биігі аласармайтын ендікте. Ұлтының тарихи дамуына үлес қоса, әр дәуір ұрпағына бағдар бере үн қата алатын Абай шындығы – ескірмейтін шындық. Абай тағылымы – ұлы тағылым екені дәлелдеуді керек етпейді бүгінде. Ғалым Ж.Ысмағұловтың «Абай: ақындық тағылымы» атты зерттеуінде ұлы ақын шығармасын тың көзқараспен барлап, жаңа қырынан тануға, бұрын айтыла бермеген жаңа сырларын ашуға күш салған ізденісті көреміз.
Ақын өмір сүрген дәуірдегі қазақ қауымының тұрмыс-тіршілігі барлық ерекшеліктерімен тек өзіне тән белгі-бедерімен, өзіндік бояу-өрнектерімен бейнеленетін өлеңдерін талдауға арналған «Болмыс шындығы» тарауында зерттеуші Абай – өз заманының жыршысы екенін, оның шығармалары – сол заманының шежіресі екенін ғылыми тұрғыдан жан-жақты пайымдай алған.
Адамгершілік пен ақыл-парасатқа жетелейтін, соған бағдар беретін ой-тұжырымдар өрнектейтін өлеңдерді талдауға арналған тарау «Парасат шындығы» деп аталады. Мұнда зерттеуші Абай өз халқының өміріндегі келеңсіз көріністерді әйгілеп, әшкерелеуші ғана емес, оның тарихи тығырықтан шығар жолда нұсқаушы көсем де екенін баса көрсетуге тырысады. «Ақын ұғымында, – дейді, ол – халықтың адамгершілік тұрғысынан өзін-өзі жетілдіруінің ең жемісті жолы – қоғамдық пайдалы еңбекке жұмылу, жаппай оқуға, ғылым-білімге, өрісті өнерге ұмтылу, ілгері кеткен өркениетті елдердің қатарына шығу. Әсіресе, отарлық бұғаудан босанудың амалы – сол отаршыл елдің өз тілін, өз өнерін үйрену, онымен терезесі тең келетін, өзін қорлыққа бермейтін дәрежеге жету». «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Бір дәурен кемдік көрген бозбалалық», «Тайға міндік», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңдері талданатын бұл тарауда ақыл-парасатқа ие болудың, ғылым-білім игерудің, адамгершілік қасиетті бойға сіңірудің, еңбекке дағдыланудың Абай айтқан сырлары жаңа қырынан ашылып, Абай тағылымының өнегесі өрістей түседі. Бұрындары ылғи да ағартушылық тұрғыдан ғана насихаттық қана сипатта түсіндіріліп келген өлеңдердің бұл кітаптарда талдану ерекшеліктері мүлдем жаңаша. Абай сөздерінің астарын ашу, ой-қатпарларына үңіліп, ішіне кіру арқылы бұрынғы айтылған ойларды қайталамай, соны қырын тауып, түсіну шеңберін кеңейте, тағылым бағдарын көбейте, талдау әдісін жетілдіре түседі.
Абай мұрасы – халқымыздың асыл қазынасы. Олай болса, ол туралы айтылар ой да, жазылар кітап та, әр дәуір ұрпағы өзінше алар тағылымы да толастамайды, толастауға тиіс емес. Ғалым Ж.Ысмағұловтың бұл кітабы да сол толастамас ойдың, азаймайтын сөздің бір үзігі, Абайтануға қосылған сүбелі үлес деп білеміз.