$ 494.87  520.65  4.91

Қызылордалық корей қызы Абайдың 200-ге жуық өлеңі мен бір поэмасын жатқа біледі

Биыл Абайдың 175 жылдығына орай клуб тарапынан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, өзге этнос өкілдері де белсенділік танытуда.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алатын Елена Пак есімді корей қызы Абай Құнанбайұлының шығармаларын бала кезден бері жаттап келеді. Болашақ қазақ тілі маманы бүгінде ұлы Абайдың 200-дей өлеңін және бір поэмасын жатқа біледі. Сонымен қатар, хакім Абайдың 10 қара сөзін жатқа оқиды. Елена Абай шығармаларын өзі жаттап қана қоймай, достарына дәріптеуді де мақсат еткен.

«Абай туындылары терең мағыналылығымен, асқан даналығымен мені қызықтырды. Жүрек, қайрат, ақылды тең ұста, сонда толық тұлға боласың дегені біздің адам боп қалыптасуымызға септігін тигізетіні сөзсіз. Расында, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, таңырқа!» дегендей, мен бала күнімнен ойшыл ақынның берер өнегесін бойыма сіңіріп келемін. Қазірде Абай атамыздың тәрбиелік арнаның қайнар көзі жатқан 200 өлеңі мен бір поэмасын жатқа білемін. Өзімнен кейінгі бауырым да қазақтың кемеңгер тұлғасының туындыларын оқып, өсіп келеді. Себебі өмірге азық боларлық асыл ойлардың Абай жырларында тұнып тұрғаны баршаға мәлім», - дейді Елена Пак.

Корей қызы бүгінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ашылған «Абай қазынасына саяхат» клубының мүшесі. Биыл Абайдың 175 жылдығына орай клуб тарапынан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, өзге этнос өкілдері де белсенділік танытуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары