Алматылық жұмыс берушілерге қызметкерлерге 42 500 теңге төлеу ұсынылды, деп жазады Sputniknews.kz.
Егер басшылық оларға ақша төлеуден бас тартса, қызметкерлер әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне жүгіне алады.
"Қазір жалақысы сақталмай демалысқа кеткен қызметкерлер көп. Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес, жұмыстың тоқтап қалу уақытын рәсімдеп, соған сәйкес, қызметкерлерге ең төменгі жалақы – 42 500 теңге төлеуді ұсынамыз. Егер ұжымдық шартта үлкен сома көрсетілмеген болса", - деді Алматы қаласының бас еңбек инспекторы Айнұр Мұқажанова.
Егер басшылық жұмыс тоқтаған уақытқа қаржы төлеуден бас тартса, әл-ауқат басқармасына жүгіну қажет.
"Біз тексеру жүргіземіз. Егер жағдай дәлелденсе, онда айыппұл түрінде әкімшілік жаза көзделеді. Шағын бизнеске жалақыны төлемегені және кешіктіргені үшін 60 АЕК (1 айлық есептік көрсеткіш -2 778 теңге), орта бизнес 100 АЕК, ірі бизнес 150 АЕК төлеуі тиіс", – деп жауап берді Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева.
Кәсіпкерлердің жұмыстың мәжбүрлі түрде тоқтап қалғанын рәсімдеуге байланысты біраз қиындық бар, деп атап өтті Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.
"Жұмыс кәсіпкердің кінәсінен емес, карантин режимінің салдарынан тоқтатылғанын түсіну керек. Біз бұл мәселені жүйелі түрде қарастырамыз", - деді ол.
Оның айтуынша, қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін бизнеске жеңілдік кезеңі ұсынылуы мүмкін.
"Егер осы жыл ішінде жағдай тұрақтанса, кәсіпорын қызметкерлеріне дәл бұрынғыдай жағдай жасайды. Яғни жеңілдіктер мен субсидиялар беру туралы ұсыныс жасалады. Еңбек министрлігі мәселені қарастыруда", - деді Әбілшайықов.
Жұмыстың тоқтатылу уақытына ақы төлеу Еңбек кодексінің 112-бабында жазылған.
Жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша іркілісті рәсімдеу тәртібі және жұмыстың тоқтап қалу уақытына ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалады. Жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде, ал жұмыс берушінің кінәсінен болғанда – жұмыскердің орташа жалақысының кемінде елу пайызы мөлшерінде белгіленеді.