Алматы облысы Қарасай ауданы мен Алматы қаласының арасындағы блок-бекетті күзетіп тұрған кезде болған жол апатынан екінші полицей де көз жұмды, деп жазады Азаттық рухы.
«Полиция қызметкерлерінің өліміне БМВ көлігінің жүргізушісі себепкер болған. Мас күйінде көлік басқарған 1992 жылғы азамат патрульдік полиция инспекторлары отырған автокөлікті соққан. Оқиға орнында полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев қайтыс болған. Ал ауруханаға жеткізілген оның әріптесі полиция сержанты екі сағаттан соң ауруханада көз жұмды, деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі», - делінген Алматы қалалық ПД хабарламасында.
Жарас Жанғазиев 1978 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Ішкі істер саласында 2001 жылдан бері еңбек етеді. Үйленген, екі қызы бар.
Ал аға сержант Дастан Абыханов 1994 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қалалық патрульдік полиция қызметіне 2016 жылы жұмысқа қабылданған. Артында жары мен бір айлық сәбиі қалған.