Оқиға 17 наурыз күні орын алған. Полицейлерге арызданып «Самал-3» шағын ауданының тұрғыны хабарласқан. Ол дүкен маңында тұрған «Мерседес» көлігін белгісіз біреудің айдап кеткенін айтыпты.
Полицейлер араға бірнеше минут салып күдіктіні құрықтады. Қала көшелерін тексеру барысында ұрланған көлікке ұқсас «Мерседесті» тоқтатпақ болғанда, жүргізушісі сасқалақтап, алдында тұрған өзге көлікті барып соққан. Құжаттарын тексеру кезінде оның ұрланған екені анықталды.
Ұсталған азамат 1988 жылы туған Сарыағаш ауданының тұрғыны. Қылмыс жасайтын кезде ол алкогольдік ішімдікке тойып алған екен. Күдікті қазір қамауға алынып, тергеліп жатыр.
Тергеу барысында белгілі болғандай, жәбірленуші көлігін ашық тастап, өзі дүкенге бірнеше минутқа кіріп кеткен екен. Осы сәтті пайдаланған күдікті «Мерседесті» айдап, қашып кеткен. Ол өзге көлікті полицейлерден қорыққанынан соқпағанын айтып отыр. Мас болғандықтан тізгінге ие бола алмадым дейді күдіктінің өзі.