$ 498.34  519.72  4.85

Бауыржан Еңсепов: «Сығанақта хандарға арналып күмістен ақша құйылған»

Кеңес тарихшылары Жошы ұлысының «Алтын Орда» аталғанға дейінгі тарихына көп мән бермеді.

Тамырлы тарихымыздың бедерлі кезеңін қамтитын Алтын Орда мемлекетінің құрылғанына 750 жыл толды. Ұлық ұлыс туралы айтылар құнды дүние өте көп. Осы орайда тарих ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аға оқытушысы Еңсепов Бауыржанмен жүргізген сұхбатымызды ұсынамыз.

– Бауыржан Бердіқожаұлы, төл тарихымызда ерекше орын алатын Алтын Орда мемлекеті қалай құрылған еді? Тарих саласының маманы ретінде түсіндіріп өтсеңіз.

Кеңес тарихшылары Жошы ұлысының «Алтын Орда» аталғанға дейінгі тарихына көп мән бермеді. Көбіне Жошы ұлысының тарихын 1240-1242 жылдары орнаған Алтын Ордамен байланыстырды. Шындығында Алтын Орданың 1224 жылы Жошы ұлысының негізінде пайда болғанын көрнекті тарихшы З.Қинаятұлы ашып көрсетті. 1219-1224 жылдардағы Хорезм жорығының нәтижесінде Шыңғыс хан өз иелігіндегі жерлерді төрт ұлына бөліп берді. Үлкен ұлы Жошының ұлысы 1224 жылы құрылады. Жошының қол астына қараған аумаққа қазіргі қазақ жерінің басым бөлігі енді. Кейін бұл аумақтың құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген. Қыпшақ даласында құрылған Жошы ұлысы кейіннен Алтын Ордаға айналды. Оның дәуірі шамамен екі жарым ғасырға созылды. Яғни Жошы әкесі Шыңғыс хан секілді әлем тарихында 250 жылдық тарихы бар Алтын Орда атты ұлы империяның негізін қалап кетті.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында осы қасиетті жерді барша әлемге таныту қажеттігін, ұлы ханның үлкен ұлы – Жошы мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейтінін жеткізді. Сондықтан Алтын орда негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алу қажеттігін ескертті. «Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы болуы тиіс. Бұл жұмыстар Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы керек», - деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Алтын Орда мемлекетіндегі басқару жүйесі қалай болды?

Жошы өлген соң оның ұлысы үлкен ұлдары Бату мен Орда-Еженнің еншісіне моңғол иеліктерінің қиыр батысында жатқан оңтүстік Ресей мен Қазақстанның жерлері тиді. Бату Алтын Орданы билесе, Орда-Ежен Ақ Орданы басқарды. 1235 жылы Бату қолбасшы Сүбедей баһадурдың көмегімен батысқа қарай жаңа жорыққа шығып, башқұрттарды, Еділ Бұлғариясын, 1237 жылы Украинаның оңтүстік даласын, Солтүстікте Руське

басып кіріп, орыс княздықтарын жаулап алады. Сонымен бірге, Легница және Мухи маңында неміс-поляк рыцарларын талқандайды. Бірақ Үгедей ханның қайтыс болғанына байланысты 1242 жылы елге оралып, моңғол әскерінің батыс бағытындағы жорығы тоқтайды. Бату ханнан бастау алған Жошы-Қыпшақ ұлысының Алтын Орда аталған батыс қанатының ордасы бұрынғы Еділдің төменгі сағасы Ахтуба бойындағы Сарай, одан соң Берке хан заманында Еділ дариясының жоғарғы сағасына қоныс аударып, Сарай Берке атанды.

Түрік деректерінде Батый ханның әскерлері қыпшақтар деп аталды. Себебі, ұлан-ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркі тілдес қыпшақтар болатын. Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі қыпшақ тілі болды. Алтын Орда әскерлері оң қол, сол қол деп екі қанатқа бөлінді. Мемлекет басындағы нояндар мен бектердің, басқақтар мен тамғашылардың қолында билік көп болды. Алтын Орда мемлекеті тарихи әдебиетте соның ішінде мұсылман елдері саяхатшыларының естеліктері мен шығармаларында «Дешті Қыпшақ», «Қыпшақ ұлысы» деп те аталды. Алтын Ордада монғолдар басым тайпа болған жоқ. ХІV ғасырда монғолдар түркіленіп, Алтын Орданың халқы татарлар деп аталынған. Сонымен бірге, Алтын Орда Берке ханның тұсында біртұтас монғол империясынан бөлек тәуелсіз мемлекет болды.

1224 жылы құрылған Жошы ұлысы 1242 жылы Алтын Орда мемлекетін құрады. Өз кезінде билеушілердің атымен Батый ұлысы, Берке ұлысы деп аталған мемлекет ұлыстық жүйеде құрылды. Орданың оң қанатында мемлекет орталығы орналасса, ал сол қанаты Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі, Ертіс аймағы мен Ұлытаудан Қаратауға дейінгі жерлер ағасы Орда Ежен басқаруына берілді. Ішкі ұлыстар өз кезегінде кіші ұлыстарға бөлініп басқарылды. Жалпы Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік басқару жүйесі толығымен сақталған. Мемлекет ұлыстарға, ал ұлыстар ұсақ үлестерге бөлініп басқарылатын. Азаматтық басқару билігі түрік әулеттерінен шыққан «мәлік» деп аталатын жергілікті әкімдер арқылы жүзеге асырылған. Даруғалар салық жинаумен шұғылданды. Әскери істерді беклербек басқарды.

– Сырдың тумасысыз, бірнеше жыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде еңбек еттіңіз. Сыр бойындағы көне шаһарлар туралы, соның ішінде Сығанақ қаласының Алтын Орда кезеңіндегі маңызы қандай болғаны жайлы айтып берсеңіз.

«Ақ Орда Жошы Қыпшақ ұлысының әскери сол қанаты ретінде қазақ даласының төрінде, байырғы Қыпшақ хандығының негізінде құрылды. Билікке Шыңғыс хан әулеті өкілдері келгенімен қазақ қоғамының дәстүрлік сыр-сипаты орасан өзгерістерге ұшыраған жоқ», - деп тұжырымдайды тарихшы З.Қинаятұлы. Ал, осы Сығанақ Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің иелігіндегі Ақ Орданың астанасы болғаны туралы мәселенің сыры әлі күнге дейін толық ашыла қойған жоқ. Жошы бастаған моңғол қолы 1220 жылы маусым айында Сығанақты жаулайды. Бұл оқиғадан соң Сығанақ қаласы Жошы ұлысына, оның әскери сол қанаты болған Ақ Орданың билігіне өтті. Жошы ханның төртінші ұрпағы Сасы-Бұқаның тұсында Жошы ұлысының орталығы Ертістен Сығанаққа көшірілді. Осы кезден бастап Сығанақтың қайта өрлеу кезеңі жүрді. Ерзен ханның тұсында Сығанақта Ақ Орда хандарының атында күмістен ақша құйылды. Ол кездегі хандардың атында ақша соғу деген биліктің дербестігін білдіреді. Ерзен хан 25 жыл билік құрып, шамамен 1345 жылы дүние салады. Ол Сығанақта жерленді. Осыдан бастап Сығанақ Жошы-хан – Орда ежен әулетінен тараған Ақ Ордалық ақсүйектерін жерлейтін ата қорыққа айналды. Мүбәрәк-Қожа кезінен Ақ Ордада басталған бүліншілік 16-17 жылға жалғасты. Тек 1351-1361 жылдар аралығында Ақ Орданың 8 ханы өлтірілді. Бүліншілік 1361 жылы Орда тағына Шымтайұлы Орыс ханның келуі арқасында тынышталды. Орыс ханның таққа келуі Ақ Орда мемлекеті және оның астанасы Сығанақтың өрлеу дәуірі болып табылады. Түрік тілінде жазылған, авторы белгісіз «Аноним Искандердің» тұжырымына жүгінсек «Орыс хан Ақ Орданы түбегейлі дербес мемлекетке айналдырды». XIV ғасырдың екінші жартысында Ақ Орда мемлекеті «Орыс хан ұлысы» атанған деген тұстары бар. Орыс хан Сығанақта хан сарайын салдырды. Қазақтың алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығын» жасақтап, ақ қара ала ту алып жауға шапты. Ақ Орданың астанасы ретінде Сығанақтың нағыз шарықтап өскен кезеңі Орыс ханның билікке келген кезі деп айта аламыз. Орыс хан атында ақша соғылды. З.Қинаятұлы «Орыс ханның елі тарихи әдебиетте «Алаш елі» атанды. Ш.Уәлиханов және А.И.Левшиндер Орыс ханды «Алаш хан» деп атап, оны қазақ хандарының атасы деп тануы тегіннен тегін емес. Қазақ түсінігінде «Алаш» ұғымы «қазақ» атауының баламасы болып табылады. Сондықтан Сығанақты қазақтың астанасы деп тануға толық негіз бар. Сығанақты астана еткен Ак Орда мемлекеті қазақтың алғашқы мемлекеті ғана емес, қазақ халқы оның ұлттық ой санасы қалыптасуының ұйытқысы болып табылады» деп көрсетеді.

– Алтын Орда дәуіріндегі діни ұстаным қандай болды?

Шаманизмнен ислам дініне бет бұра отырып, мұсылман болған Берке тәуелсіз мемлекеттің ғылымын дамытуға күш жұмсады. Монғолдардың іштей қарсылығына қарамастан Иран, Египеттен ғалымдарды алдырып, мемлекеттік басқару жүйесіне білімді адамдарды шоғырландырды. Беркенің кезінде Алтын Орда мен Египет сұлтаны Бейбарыс арасындағы байланыс нығайа түсті. Алтын Орда мемлекеті Мұхаммед Өзбек ханның (1312-1342 жж.) және оның баласы Жәнібек ханның (1342-1357 жж.) билігі тұсында шарықтау шегіне шықты. Өзбек хан 1312 жылы ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жариялап, Исламның суниттік ағымына өтеді. Бұл туралы тарихшы Зікірия Жандарбек өзінің «Иассауи жолы және қазақ қоғамы» атты еңбегінде Өзбек ханды мұсылман қылған Қожа Ахмет Яссауи хикметтерімен сусындаған «Баба Тукластың» есімін атап көрсетеді. Баба Туклас қазақ халқының ауыз әдебиетінде Баба Түкті Шашты Азиз деп аталады. Соның зікіріне ұйыған Өзбек хан бүкіл қыпшақ ұлысында Яссауидің сопылық ілімінің тарауына мүмкіндік жасайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алтын Орда