$ 523.58  549.71  5.01

Құлақтан кіріп бойды алар... (ВИДЕО)

Еліміздегі классикалық және дәстүрлі халықтық ансамбльдердің ән қоржынында міндетті түрде Абай әндері бар.

Хакім Абай қазақ поэзиясында ғана емес, музыка әлемінде де баға жетпес мұра қалдырды. Абайдың әндерін жатқа білмейтін қазақ кемде-кем. Әуені ырғақты, айтуға жеңіл, жұп-жұмыр келген Абай әндерінің кез келген жиынның көркін кіргізіп, көңілге ой салары анық. Абайдың әнінің талай жанның жұлдызын жаққаны да рас. Ұлы ақынның заманында музыканың жазба мәдениеті болмаса да, Абай әндері ауыздан-ауызға тарады. Ағартушы, ақын әрі композитор Абай Құнанбайұлының бірнеше әнін қазақ халық әндерін зерттеуші А.Затаевич нотаға түсірген болатын. Ал, композитор Латиф Хамиди Абайдың 20-дан аса әніне нота жазды. Абай поэзиясымен бірге, Абай музыкасы да зерттеушілердің ерекше таңданысын туғызғанын білеміз.

Еліміздегі классикалық және дәстүрлі халықтық ансамбльдердің ән қоржынында міндетті түрде Абай әндері бар. Осы орайда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Сыр елінде фольклорлық ансамбльдер арасында «Құлақтан кіріп бойды алар» атты облыстық байқау өтті. Өнер байқауында Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерін тамылжыта шырқап берді. Сонымен қатар, фольклорлық ансамбль өнерпаздарының сүйемелдеуімен Абай күйлері орындалды. Мәселен, «Сырлы саз» ансамблі «Торы жорға» күйін орындаса, «Қаратау қазынасы» халықтық-фольклорлық ансамблі Абайдың «Май түні» күйін тарту етті.

Байқау нәтижесі бойынша Қызылорда облысы, Шиелі ауданының «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі І орынға ие болды. Ал, Қазалы ауданынан қатысқан «Қорқыт сазы» ансамблінің өнерпаздары ІІ орынды иеленді. Жаңақорған ауданының «Қаратау қазынасы» ансамбліне ІІІ орын берілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары