$ 448.89  477.93  4.76

Әл-Фараби мұрасын дәріптеген дәріс

Сонымен қатар, екінші ұстаздың астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, әлеуметтану, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, 200-ге жуық трактат жазғандығы туралы айтылды.

Қызылорда облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхана қызметкерлері әл-Фараби бабамыздың туғанына 1150 жыл толуына орай «Әбу Насыр әл-Фараби: өмірі, шығармалары, жаһандық ғылым мен мәдениетке қосқан үлесі» атты онлайн дәрісін ұсынды. Фейсбук әлеуметтік желісінде жүргізілген дәріс барысында Шығыс ойшылының өмір жолы, еңбектері туралы құнды ақпараттар айтылды.

«Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық ойшыл азаматтары бүкіл араб, парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жазу арқылы кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыра білді. Сондай тұлғалардың бірі батыс пен шығысты терең білімімен бас идірген – Әбу Насыр әл-Фараби. Тарихи деректерде Отырар қаласы ІХ ғасырда аса ірі мәдениет орталығы болған делінеді. Әл-Фараби дәулетті отбасынан шыққан. Оның әкесі әскербасы болған. Айрықша дарын иесі бала күнінен бастап ғылым-білімге ерекше қызығушылық танытқан. Бастапқыда Самарқандта, Бұқарада білім алған Әл-Фараби одан әрі Шам, Дамаск, Бағдат, Каир, Александрия, Мекке, Медине қалаларында зерттеу жұмыстарымен айналысқан. Ғұлама Бағдат қаласында тұрақтап қалады. Бұл қалада 20 жыл тұрып, антикалық философия және әлемдік мәдениетпен танысады. Содан кейін Шам жеріне қоныс аударады. Әл-Фараби бір қалада ұзақ тұрақтамаған. Ғалым бір қаладан екінші қалаға көшу арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырған. Профессор Жақыпбек Алтайұлы Әбу Насыр әл-Фарабидің 70-ке жуық тілді меңгергендігін айтады», - деп мәлімет берді.

Сонымен қатар, екінші ұстаздың астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, әлеуметтану, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, 200-ге жуық трактат жазғандығы туралы айтылды. Шығыс ғұламасының дүниеге аса құмартпағандығы, жұпыны күн кешкені, бар өмірін тек ғылымға арнағаны туралы мазмұнды мағлұматтар берілді.

«Әл-Фараби өз дәуірінің рухани, мәдени жетістіктерін жинақтау арқылы озық философиялық жүйені жасады. Сол арқылы әлеуметтік-философиялық этикалық, эстетикалық, жаратылыстану ғылыми ой қазыналарына бағалы үлес қосты. Фараби еңбектері бүгінгі ұрпақ үшін үлкен мұра. Мың жылдан астам уақыт өтсе де, ғұлама шығармаларының қолдан қолға өтуі Әл-Фарабидің ұлылығының көрінісі болса керек», - делінген дәрісте.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#әлФараби