Жамбыл облыстық психикалық аурулар диспансерінің қызметкері науқас жанды ұрып, артынша өзге науқастарға ұрғызғанын бұған дейін жазған болатынбыз. Осы мақала жарияланғаннан кейін мекемеде қызметтік тексеріс жүргізіліп, аталған қызметкер жұмыстан қуылды.
Қорғансыз жанды қорлаған медқызметкердің жұмыстан қуылғаны туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Зәбір көрген 47 жастағы науқас Берікәлі Сүйінбаевтың әпкесі медқызметкер Николай Бондорцовтың үстінен құқық қорғау органдарына арыз түсірмек болған. Алайда, Жамбыл облыстық психикалық аурулар диспансерінің бас дәрігері онымен жеке сөйлесіп, ақыры райынан қайтарған көрінеді.
«Інімді ұрған «медбратты» жұмыстан қудық деді басшылар. Бәрі кезек-кезек кешірім сұрап, тұрып алды. Олар енді мұндай жағдай қайталанбайды деп уәде берді. Мен де мұндай бассыздық болмауы керек деп санаймын. Бұған дейін інімді соққыға жыққан қызметкер Николай да басылып қалыпты, кешірім сұрап тұрып алды. Полицияға арыз жазбаймын», - деді Сәуле Сүйінбаева.
Шудан соң психикалық аурулар диспансерін бейне бақылау камерасымен жабдықтау туралы шешім қабылданған. Дәліз ғана емес, науқастар жататын бөлмелерге де камера орнату жоспарланып отыр. Науқасқа қол көтерген медқызметкердің қылығынан соң тағы екі жауапты тұлға жазаға тартылған. №6 психикалық ерлер бөлімшесінің меңгерушісі Интизам Анвер оғлы Мамедов пен аға медбике қызметінің міндетін атқарушы Меруерт Түлепбаеваға сөгіс жарияланған.
«Комиссия отырысында Н.А. Бондарцов пациенттің психикалық қозу жағдайы агрессивті болғанынын айтты. Орталықтың бас дәрігері комиссия жұмысының қорытындысына сәйкес Н.А. Бондарцов 12.06.2020 жылғы №507 бұйрықпен жұмыстан босатылды. Бөлімше меңгерушісі И.А. Мамедов пен аға медбике М.Ж. Төлепбаеваға орта буын мамандардың жұмысына тиісті бақылау жасамай, орын алған оқиға туралы әкімшілікке дер кезінде хабарламағаны үшін сөгіс алды», - деліген Жамбыл облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының редакцияға жолдаған хатында.