Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Оқуды ілгерілетудің заманауи цифрлық ресурстары» ІІ республикалық онлайн буктрейлер байқауында Сыр ұстаздары жоғары нәтиже көрсетті.
Аталған байқау мектеп мұғалімдерінің қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде білімін жетілдіруі үшін заманауи ақпараттық-медиа құралдарды қолданудың озық тәжірибелерімен бөлісу мақсатында ұйымдастырылды.
«Білім алушылардың көркем және танымдық әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында цифрлық ресурстарды құру үшін педагогтардың ақпараттық-медиа құзыреттіліктерін дамыту қажет. Буктрейлер – кітап немесе шығарма желісін 2-4 минуттық қысқа бейнежазба арқылы визуалдық құралдардың көмегімен шығармашылық, ғылыми, деректі шығармаларға назар аудару және оларды оқуға оқушыларды қызықтыру, ынталандыру құралы. Буктрейлерде шығарма идеялары туралы қатысушы өзіндік көзқарасын шығарма мазмұнынан алшақтамай көрсетуі тиіс. Мультфильм, бейнефильм, музыкалық клип, жарнамалық ролик мұндағы негізгі жанрлар», - деді байқауға қатысқан ұстаздар.
Республикалық байқауға қатысқан облыс мұғалімдері М.Әуезовтің «Абай жолы» романы, М.А.Шолоховтың «Судьба человека», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі», балалар жазушысы Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» шығармалары және Абайдың қара сөздері мен поэмалары бойынша қазақ, ағылшын тілдеріндегі буктрейлер әзірледі. Бейнебаян дайындауда пән мұғалімдері мен оқушылардың бірлесіп жасаған шығармашылық ізденістері жоғары нәтижесін көрсетті.
Оқушылар аталған шығармаларды қызыға оқып, бейнебаянға түсірілетін үзінділерге ұсыныстарын білдірді. «Абай әлемі» кезеңі бойынша І орынды Қазалы ауданындағы №276 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Анэль Әбдіраш, Қызылорда қаласындағы №3 IT мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гауһар Мырзағұлова иеленді.
Сонымен қатар, Қазалы ауданындағы Е.С.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әлия Сағымбаева да жүлделі І орынға ие болды. Ал, ІІ орын Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектептің қатысушысы Эльмира Сматуллаеваға, Қызылорда қаласындағы №3 IT мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Майра Мусаеваға берілді. ІІІ орынмен №165 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сағынтай Балкембай марапатталды. Байқау барысында «Екінші дүниежүзілік соғыс туралы шығармалар» бағыты бойынша да Қызылорда облысы ұстаздарының жұмыстары үздік деп танылды.