Биыл Алтын Орда мемлекетінің құрылғанына 750 жыл толды. Осыған орай «Айбынды Алтын Орда» жобасы аясындағы шаралар легі жалғасып жатыр. Тарихымызда өзіндік орны бөлек Алтын Орда дәуірі, Қазақ хандығының құрылуы туралы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы кент кітапханасының қызметкері Айнұр Сайлыбаева желі оқырмандарына мәлімет берді.
«Ұлан байтақ қазақ жеріндегі мемлекеттік тарихтың басталғанына үш мың жылдай уақыт өтті. Скифтердің, одан кейін сақтардың, ғұндар мен үйсіндердің, қаңлылардың тарихы Қазақстанның ежелгі дәуірдегі тарихының маңызды бір бөлігі. Түрік дәуірінде мемлекет нығая түсіп, қағанат империя деңгейіне дейін көтерілді.
Ал, Алтын Орда заманындағы тарих баршаға мәлім. Бірнеше ғасыр бойы Еуразия аумағында жалғыз империя болған Алтын Орда өзінің тарихи міндетін мүлтіксіз атқарып, ұлттық сипаттағы мемлекеттерге өз жылуын төкті. Қырым хандығы, Қазан хандығы, Сібір хандығы, Астрахань хандығы, Ноғай Ордасы, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы және Қазақ хандығы Жошы ұлысының, яғни Алтын Орданың шекпенінен шыққан мемлекеттер.
Мемлекеттердің атауы әртүрлі болса да, олардың ортақ территориясы, шаруашылығы мен мәдениеті, діни-рухани ұстанымдары бар еді. Алтын Орданың ғұмыры ұзақ болған мұрагері Қазақ хандығы болды», - деп баяндалды бейнедәрісте.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Қазақ тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық» - деп атап көрсеткен. Төл тарихымыздағы елеулі тарихи оқиғалар халқымыздың қай кезде де бірігіп ел болуға қадам басқанын көрсетеді.