Ресейдің Калуга облысында басына 9 оқ тиген ер азамат ажалдан аман қалды. Жәбірленушіні өзінің досы өлтірмек болып, оны пневматикалық тапаншамен атқан деп жазады Lenta.ru жергілікті прокуратураға сілтеме жасап.
Оқиға 2014 жылдың желтоқсан айында орын алса да бұқараға енді белгілі болып отыр. Екеуара төбелес спирттік ішімдік ішуден басталған екен. "Күдікті үйде тұрған пневматикалық тапаншаны алып, жәбірленушінің бетінен және басынан 9 рет атқан. Мұнан кейін пәтерді өртеп, өзі оқиға орнынан ізін суытыпты" делінген прокуратураның таратқан хабарламасында.
Өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтап, іште жатқан ер жігітті құтқарып үлгеріпті. Дегенмен, ол қос жанарынан да айрылған, қазір екі көзі де көрмейді.
Араға 1 жылдан астам уақыт салып, күдікті ұсталғанымен ол түрмеге қамалмауы мүмкін. Өйткені, сот-медициналық сараптаманың нәтижесі күдіктінің ақылы-есі сау емес екенін көрсетті. Енді ол жүйке жүйесі ауруларын емдейтін орталықта мәжбүрлі ем қабылдауы тиіс.