$ 447.4  477.55  4.76

Алтын Орда дәуіріндегі Арал маңы әдебиеті

Дәріс барысында «Сухейл мен Гүлдірсін» дастаны кеңірек баяндалды.

Қызылорда облыстық музейінің ғылыми кеңесінің мүшесі, түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосанов «Алтын Орда дәуіріндегі Арал маңы әдебиеті» тақырыбында ғылыми-танымдық онлайн дәрісін жүргізді. Алтын Орданың 750 жылдығына орай «Рухани мұра» жобасы аясында оқылған дәріс Арал маңынан шыққан атақты шайыр Саиф Сараи шығармашылығы төңірегінде өрбіді.

«Саиф Сараи Арал маңындағы Кердері жерінде өмір сүрді. Кейін Ақсақ Темірдің шапқыншылығынан соң Алтын Орданың астанасы Сарай қаласына қоныс аударған. Шайыр еңбектерінде 1380 жылдары Ақсақ Темірдің Үргенішке шабуылы туралы да баяндалған. Саиф Сараидың атақты «Гүлстан» туындысы Мысыр елінде жазылды. Бұл туралы өзбек, татар, әзербайжан, қазақ ғалымдары жан-жақты зерттеп жазды. Атақты Саиф Сараидың алғаш жазғаны шығармасы – «Сухейл мен Гүлдірсін» дастаны. Бұл шығарма Алтын Орда дәуірінде, Қыпшақ әдебиетінде төлтума дастан ретінде тарихқа енді. Өйткені, бұған дейінгі көптеген түркі шайырларының шығармашылығы араб-парсы әдебиетіне еліктеумен, не болмаса Низамидің, Науаидің, Сағдидің және басқа да парсы ақындарының шығармаларын түркі тіліне аударумен шектелген. «Қиссасу-л-Әнбия», Құтыб шығармалары осы тәсілмен жазылған», - деді Серікбай Қосанов.

Дәріс барысында «Сухейл мен Гүлдірсін» дастаны кеңірек баяндалды. Онда Ақсақ Темірдің Үргенішті басып алған сәтінде Тоқтамыс ханның баласы Сухейл тұтқынға түсті деген дерек келтірілген. Зынданға қамалған Сухейлді Ақсақ Темірдің қызы Гүлдірсін құтқарып алады. Осылайша екеуі қаладан шығып қашып кетеді.

«Дастанның шарықтау шегі шөлдегі оқиғамен байланысты. Қызылқұмда шөлге тап болған Сухейл мен Гүлдірсін әбден қалжырайды. Су іздеп кеткен Сухейл, қолындағы суымен қайта оралған кезінде қыздың шөлге шыдамай қаза тапқанын көреді. Оны көрген жігіт жүрегіне қанжар сұғып, ғашығының соңынан қайтыс болады. Дастанның негізгі сюжеті осылай өрбігенімен, шағын поэмада үлкен тарихи, мәдени, әдеби дүние жатыр. Бұл дастанда «Мен күнді айналған жердей қасыңнан шықпаймын» деген әдеби тіркестер бар. Жер мен күн айналысы туралы Бруно мен Коперниктен жүздеген жыл бұрын айтып кеткендігі ғалымдардың назарын ерекше аударған еді. Бұл Ибн-Сина, Бируни, Ұлықбек, өзіміздің әл-Фараби сынды ұлы ғалымдардың аспан әлемі туралы жақсы меңгергендігін көрсетсе керек. Саиф Сараи шығармаларында осындай ерекше детальдар бар», - деп атап өтті түркітанушы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алтын Орда