Талас құрылтайында Шыңғыс ұрпақтары бір-бірімен татулықты сақтай отырып, өз ұлыстарында дербес саясат жүргізуге мәміле жасады. Бұл хан ұрпақтары арасында Алтын Орданың бөлек империя екенін мойындауға ресми түрде жол ашты. Яғни, Бату мен Берке хан кезінде дербестікке ұмтылған Алтын Орда ұлысы 1269 жылы Мөңке Темірдің тұсында ірі қағанат екенін мойындата алды. Қатпарлы тарихтың парақтарында елдігіміздің бастауы болып жазылған Алтын Орда мемлекетіне биыл 750 жыл толды. Алтын Орданы жырға арқау етіп, әнге қосу – әр қазақтың міндеті. Ел ішінде төл тарихымыз, ұлық ұлыс туралы кеңірек айтылып жүр. Осы орайда Сыр өңірінің өнерпаздары да түрлі шаралар ұйымдастырып келеді.
Зейнолла Шүкіров атындағы Арал қалалық мәдениет үйі ұжымының ұйымдастыруымен Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Елім менің» атты әдеби әуенді концерті өтті. Онлайн режимінде өткен кеш барысында Ақбұлақ ауылдық клубының көркемдік жетекшісі Берік Қаражанов «Қазағым» әнін орындады. Көмейіне жыр тұрған аймағымызға белгілі жыршы-термеші Зәуре Ізекешова Нұртуған жыраудың «Алпауытқа теңер ем» термесін тарту етті. Ал, Зейнолла Шүкіров атындағы мәдениет үйінің дыбыс инженері Айбек Саламатов Құрманғазының «Адай» күйін орындаса, аудандық «Толқын» газетінің тілшісі, жас ақын Оңталап Жолдас Несіпбек Айтұлының «Отан» өлеңін оқып берді.