Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Турчинов Ресей ыдыраған жағдайда да Украина өз күнін өзі көре алатын дербес мемлекет екенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ, Ресей Алтын Орданың Мәскеулік ұлысы болғанын да еске салды. Украин саясаткерінің бұлай деуіне РФ премьері Дмитрий Медведевтің «Украинада қазір мемлекет жоқ» деп мәлімдеуі себеп болған.
«Кремльдің ақылы кем қиялшыларының есіне салғым келеді, украиндардың Алтын Орданың Мәскеулік ұлысы құрылғанға дейін-ақ өз мемлекеттері болған. Тоталитарлық режимге тән зұлымдық пен басқыншылық, ішкі текетірестер Russia (Раша) деп аталатын кеңестік империя қалдығын бөлшектеп тастағаннан кейін де Украина өмір сүруін жалғастыра береді» — деп жазды Турчинов өзінің Фэйсбуктегі парақшасында.
Оның пікірінше, Ресей үкіметі Украинаның тіршілік етуінің өзінен-ақ үрейленіп отыр. «Украина ресейлік басқыншылардың батысқа қарай қозғалуына бөгет қойды» дейді Турчинов.
Айта кетейік, бүгін Ресей премьер-министрі үкімет отырысында Украинада мемлекеттің жоқ екенін мәлімдеген болатын. «Сіздер неге бәрін Украинамен салыстырасыздар? Ол жақта не өндіріс, не мемлекеттілік жоқ. Бұған дейін де ол елде өнеркәсіп болмаған», — деді Медведев Ростехнадзор басшысы Алексей Алешиннің баяндамасын тыңдап болғаннан кейін.