Швейцарияның Базель кантонында орналасқан мектептердің бірінде ислам дінін ұстанатын екі оқушы ұстаздармен қол алысып сәлемдесуден бас тартуда. Әйелмен осылайша амандасуды мұсылмандыққа жат деген оларға мектеп басшылығы қол алыспауға рұқсат беріпті. Ал, директордың бұл шешімі үкімет мүшелерінің наразылығын тудыруда.
Швейцария мектептеріндегі қалыптасқан дәстүр бойынша, сабақ басталарда және аяқталған кезде ұстаз бен оқушылар қол алысып, сәлемдесіп-қоштасады. Ал, 14 және 15 жастағы екі оқушы бөтен әйелдің қолын ұстау біздің дінімізде жоқ деп, бұл дәстүрге қарсы шығып отыр. Екеуі тіпті, мектеп басшылығына өтінішпен шығып, бұл ережеге бағынбауды сұраған. Басшылар болса балалардың діни сеніміне кедергі келтірмеу үшін рұқсатын беріпті. Алайда, бұл мәселе ел үкіметіне дейін жетіп, дәстүрдің бұзылғанына енді министрлер наразылықтарын білдіріп отыр.
Әділет министрі Симонетта Соммаруга ұстаздарын қолын алу Швейцария мәдениетінің ажырамас бір бөлшегі екенін айтады. Ал, білім министрлерінің федералды жиынының мүшесі Кристоф Эйман қабылданған шешім әйелдерге қарсы дикриминация, яғни нәзік жандарды кемсіту дейді.
Естеріңізге салайық, былтыр Сирия мен Ирактан және Солтүстік Африка елдерінен Еуропаға қарай миллиондаған босқын ағылған болатын. Олардың барлығына жуығы ислам дінін ұстанатындар.