Алматыда Open Space форматында жұмыс істейтін жаңа Аntikor орталығы ашылды. Мұнда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша өтініштер қабылданып, кеңес беріледі. Орталықтың ашылуына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қатысып, жаңа нысанның жұмысымен танысты, - деп хабарлайды Sn.kz.
Орталықтың бірінші қабатында азаматтарды қабылдауға арналған процессуалды офицер жеке кеңсе-кабиналары мен «Алматы – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бар. Одан бөлек, «Мейірімділік акселераторы», «Адал көмек» сияқты басқа да жобалар бойынша қызмет көрсетіледі. Ашық алаң форматындағы орталықтың ашылуына қатысқандар мемлекеттік органдар арқылы алынатын қызмет әдістерін трансформациялаудың заман талабы екенін тілге тиек етті.
«Ең біріншіден, қоғам мен мемлекеттік органдардың және бизнес қауымдастықтардың тығыз байланысы «диалог» алаңы дейді ғой, міне, қазір осындай мүмкіндіктер осында жасалып отыр. Ашық алаң форматындағы бұл орталық жобалар бойынша қызмет көрсетуге өте ыңғайлы. Мқндай орталық
Алматы сияқты үлкен мегополис қаланың әр ауданынан қажет деп бағалалймыз», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.
Өз сөзінде қала әкімі Ел президенті жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, алматылықтардың алдында ашықтықты күшейту жұмыстарының жүргізіліп жатқандыған атап өтті. Онлайн түрде көрсетілетін мемлекеттік қызмет көлемінің де ұлғайып келе жатқандығын алға тартты.
«Кеңес беруші де, заңгер де, қайырымдылықпен айналысатындар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері осында отырады. Демек бәрі бір жерде шоғырланады. Яғни, мұндай орталыққа келген өтініш берушінің мәселесі жан-жақты қарастырылады. Мұндайды көрген адам әділдіктің бар екенін түсінеді. Мені тыңдап, құлақ асады екен ғой деп сеніммен қарайтын болады. Осындай істер бізді халыққа бір табан жақын етеді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Жаңа нысан Жібек жолы, 15 мекенжайында орналасқан. Мұнда тек өтініштер қабылданып, кеңес қана берілмейді. Орталық жемқорлыққа қарсы күресте қоғам, үкіметтік емес ұйымдардың, діни және этномәдени әрі жастар ұйымдарының, мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының күшін біріктіретін болады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау мақсатында аталмыш орталықтарды ашу ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпекбаевтың ұсынысы болатын.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде Агенттік мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Біздің қызметіміз бен бастамаларымыз әділдік, парасаттылық және сенім призмасы арқылы іске асырылады», - деп атап өтті Алик Шпекбаев.
«Антикор орталығын ашудағы басты мақсат – халыққа жақындығымызды, ашықтығымызды білдіру. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлерді парасаттылыққа, сенімділік пен әділеттілікке шақыру. Өздеріңізге белгілі, бізде көптеген жоба жүзеге асырылған болатын. Алдағы уақытта да осы жоба негізінде мемлекеттік қызметшілермен бірлікте халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар атқаратын боламыз» ұйымдастырушылар.
Барлық талапқа сай және жаңа форматта жасақталған орталықта келушілер үшін барынша жағдай қарастырылған. Мәселен, әр келуші арнайы консультациялық орталықтан өзіне қажет мағлұматтармен таныса алады. Ал, конференц-залда апта сайын БАҚ өкілдері үшін брифингтер, онлай-конференциялар мен тікелей эфирлер өткізілетін болады. Сонымен бірге, мұнда күту залы мен балалар үшін ойын бұрыштары да бар.
Мобильді қосымшаның осы жобасы шетелдік тәжірибені ескере отырып, Агенттіктің ашықтығы мен қолжетімділігі үшін әзірленді. Қазіргі заманғы адам мобильді құрылғыны көбірек пайдаланатынын ескере отырып, қосымша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл құралдарын жедел және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, сервистік орталық азаматтарға жедел және жайлы жағдайларда кеңес алуға, ал мемлекеттік қызметшілерге мықты ұйымдастырушылық мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік беретін «Open space» және «Front office» форматындағы жұмыстың тиімді үйлесімі болып табылады.