23.06.2020, 13:24

Абай университетінің студенті «Абай» төсбелгісімен марапатталды

«Абай мұрасы – Қазақтың қасиетті қазынасы» халықаралық байқауға қатысты дарынды жас Балнұр Ұлы ақын мен ойшылдың шығармашылығын жақсы білгені үшін ол 1 дәрежелі дипломмен және «Абай Құнанбайұлы» төсбелгісімен марапатталды.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті жанындағы Педагогика және психология институтының 1 курс студенті Балнұр Ержанқызы  «Абай мұрасы – Қазақтың қасиетті қазынасы» халықаралық байқауға қатысып, 1 орынды иеленді, – деп хабарлайды Sn.kz.

Аталған оқу орнының «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасының студенті Балнұр Ержанқызы бірнеше тілді меңгерген. Дарынды жас тіл меңгеріп қана қоймай ұлы ақын Абайдың 100-ден астам өлеңін жатқа оқиды. Жетекшісі, эдвайзері – Раушан Исмагулова. 

«Абай мұрасы – Қазақтың қасиетті қазынасы» халықаралық байқауға қатысты дарынды жас Балнұр Ұлы ақын мен ойшылдың шығармашылығын жақсы білгені үшін ол 1 дәрежелі дипломмен және «Абай Құнанбайұлы» төсбелгісімен марапатталды. Балнұрдың мақаласы «Абай мұрасы-Қазақтың қасиетті қазынасы» жинағына енді.

«Мен бұл байқауға оқушы кезімнен дайындалдым десем де болады. Өйткені мектепте оқып жүргенде Абай атамыздың көптеген өлеңдерін жаттап, Абай оқуларына қатысатынмын. Тек 11 сынып оқып жүргенде оқуға түсу мақсатымен жүріп, мәнерлеп оқуға мән бермей кеткен екенмін. Мектепті бітіріп, оқуға түскен соң, өзіме ұнайтын жолға қайта түстім. Абайдың әлі жатамаған өлеңдерін жаттай бастадым. Шамамен 100-ден астам өлеңін жатқа оқи беретін жағдайға жеттім. Бұл менің хоббиім еді. Жетекшім осы халықаралық жарыс туралы айтқанда, ерекше ықылас пайда болды. Көп өлеңдерін өайталап, тағы біраз өлең жаттадым. Осылайша байқауға жүлделі орын алып, қуанышымыз еселеніп жатыр. Менің мәнерлеп оқуға деген қызығушылығымды оятқан ата-анам, ал оны одан әрі дамытқан ұстаздарым. Сондықтан мен үшін тақым қысқан барлық жақындарыма шын жүректен алғыс білдіремін», - деді Балнұр Ержанқызы.

Балнұр өте талантты жас. Ол Абайдың ғана емес, Шәкәрімнің, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін де жатқа оқиды. Өзі бірнеше тілді меңгерген. Жан-жақты, оқу мен білімге құштар жас. Оның осындай ерекше қабілеттерін байқаған оқытушылары да оны жетелеп отырады. Балнұрдың жетекшісі Раушан Исмагулова шәкіртінің әлі талай жерде топ жаратынына бек сенімді.

«Балнұр ерекше дарынды қыз. Қабілетті. Айтқаныңды қағып алады. Сабақты да өте жақсы оқиды. Шығармашылыққа да бейім қыз. Ол Абайдың өлеңдерін нақышына келтіріп оқығанда, сізді Абайдың әлеміне жетелеп, Абайдың ауылында жүргендей әсерге бөлейді. Сол үшінші осы шәкіртімді баптап, бәйгеге қостым. Үмітті ақтап, топ жарып шықты. Балнұрдың біздің оқу орнын таңдағанына, менің шәкіртім болғанына шын қуаныштымын. Біз әлі талай бірге топ жарамыз. Мектептен дайын болып келген мықты дарын иесі ғой. Тек оған бағыт-бағдар көрсетіп, жетелеу ғана керек. Қалған қарым-қабілеті бәріне жететініне сенемін», - дейді Раушан Исмагулова. 

«Абай мұрасы – Қазақтың қасиетті қазынасы» халықаралық байқауға қатысты дарынды жас Балнұр Ұлы ақын мен ойшылдың шығармашылығын жақсы білгені үшін ол 1 дәрежелі дипломмен және «Абай Құнанбайұлы» төсбелгісімен марапатталды. 

Айта кетейік, бұл байқауда дарынды жас Абай Құнанбайұлы туралы ғылыми мақала жазған. Оның мақаласы үздік деп танылып, жүлдеолі орынға ие болып отыр. Балнұрдың мақаласы «Абай мұрасы-Қазақтың қасиетті қазынасы» жинағына енді.

Естеріңізге сала кетейік, қазақтың ортақ мақтанышына айналған халқымыздың ұлы перзенті, ақын, философ, ғұлама Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде, соның ішінде ЮНЕСКО аясында өткізілетін ауқымды іс-шаралар басталып кетті. 

«Абай – әлем мойындаған дана ұстаз, ақын және адамзаттың данышпаны. Данышпан Абайдың ұлылығы мен ерекшелігі, табандылық пен мақсаттылықты дәріптей және оның өз ұлтының санасына енгізе отырып, ұлттық рухты бұрын-соңды болмаған биіктікке көтере алды. Біз Абайдың бойынан табылатын тұлғаға лайықты, мақтан тұтатын рухани тірегіміздің барына алғыс айтуымыз керек.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу халықтың тарихи санасына сіңіру және еліміздің рухани мәдениетін жаһандық форматта ілгерілетуге бағытталған Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі» дейді дарынды жас.