$ 444.14  477.05  4.85

Жаңа жыл алдында жоғалып кеткен теміртаулық оқушы әлі табылған жоқ

Былтыр Теміпртауда 29 желтоқсан күні үйінен шығып қайта оралмаған 9 жасар Владислав Шеллер әлі табылған жоқ. Полиция алғашында адам ұрлығы бойынша қылмыстық іс қозғағанымен, кеше бұл істі "адам өлтіру" дерегіне қайта алмастырды. Дегенмен, тәртіп сақшылары баланы тірі табудан үміттерін үзбейтінін айтып отыр. Бұл туралы Теміртау қалалық ІІБ басшысының орынбасары Дәурен Кәріпбаев мәлімдеді.

"Қылмыстық істі кісі өлтіру дерегіне қайта алмастыру Қарағанды облыстық ІІД-мен келісілген. Баланың кәмелет жасына толмауы және ұзақ уақыттан бері табылмауы себебінен осындай қадамға баруымызға тура келді. Дегенмен, жоғалған бала туралы әлі ешқандай мәлімет жоқ. Іздеу мерзімі созылып кеткендіктен біз істі қайта өзгерттік" дейді Д.Кәріпбаев.

Оның айтуынша, қылмыстық істің "кісі өлтіру" дерегіне қайта өзгеруі баланың қайтыс болғандығын білдірмейді. Полицейлер Владиславтың аман-есен табылатынынан үміттерін үзбеген.

"Біз баланың тірі табылатынына үміттіміз. Бәлкім ол өзге біреумен тұрып жатқан шығар, қазір барлық нұсқаларды зерттеп жатырмыз" деді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кетейік, В.Шеллерді іздеуге полицейлерден бөлек 60 ерікті азамат, әскери қызметкерлер мен иіссезгіш иттер де жұмылдырылған. Алайда, 3 айдан астам уақыт жүргізілген іздеу жұмыстары еш нәтижесін берген жоқ.

Естеріңізге салайық, 9 жасар Владислав 29 желтоқсан күні өз үйінен әжесінің үйіне қарай шығып, жарты жолда жоғалып кеткен. Полицейлер күдікті ретінде баланың туыстарын тергеп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары