Декреттік демалыстағы әйелдер бір жастан асқан баланы тәрбиелеп отырған жағдайда 42 500 теңге көлемінде төлем ала алады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.
"Декреттік демалыстағы әйелдерге қатысты біз жағдайды бұрынғыдай қалдырдық. Егер бала бір жасқа толмаған болса, онда әлеуметтік сақтандыру қорынан мемлекеттік жәрдемақы немесе бала күтімі үшін әлеуметтік төлем төленеді. Бұл жағдайда олар (42 500 теңге) алмайды", - деді министр.
Егер бала бір жастан асса және әйел жұмыс істеуге шықса, бірақ карантинге байланысты табысынан айрылса, ол 42 500 теңгені ала алады. Бұл жағдайда жұмыс беруші өтініш беруі керек. Декреттік демалыстағы әйелдердің жеке кәсіптері болса немесе БЖТ-ны тұрақты төлейтін болса, 42 500 теңге алады.
"Өткен жолы төтенше жағдай кезінде алғашқы рет БЖТ төлеген әйелдер өздерінің бейресми жұмыспен қамтылуын растап, бұл жолы да төлем ала алады", - деп нақтылады Нұрымбетов.