$ 494.87  520.65  4.91

Мектептерде кезекші сыныптар қалай жұмыс жасайтыны белгілі болды

Топтарда оқушы саны 10-15 баладан аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әр түрлі уақытта болады.
Фото: bilimdinews.kz
Фото: bilimdinews.kz

Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жаңа оқу жылында оқушылар үшін "кезекші сыныптар" қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Ол 1 қыркүйекте елордалық мектептер мен колледждерде сабақ қашықтан оқыту форматында басталатынын атап өтті.

Ал бастауыш сынып оқушылары үшін "кезекші сыныптар" ашылмақ.

"Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, "кезекші сыныптар" ашылады. Оқу бірнеше ауысыммен жүзеге асады. Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15 баладан аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әр түрлі уақытта болады", - деді Қадырова онлайн брифингте.

Сонымен қатар, сабақтардың бір бөлігі қашықтықтан жүргізіледі.

Айтуынша, санитарлық нормаларды сақтау үшін мектептер тепловизорлармен, дезинфекциялау құралдарымен, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Осы орайда басқарма басшысы "кезекші сыныптардың" жұмыс алгоритміне тоқталды:

ата-аналар балаларды "кезекші сыныптарға" әкеледі, бірақ ғимаратқа кірмейді;

мектептің кіреберісіне дезинфекциялық кілемше төселеді;

мектепке кірер кезде баланың дене қызуы өлшенеді;

қолды антисептикпен өңдеу және маска тағу міндетті;

барлық қабатта және әрбір "кезекші сыныпта" санитайзер орнатылады;

сынып желдетіліп, тазартылып отырады;

қызыл сызықпен белгілей отырып, медициналық кабинеттердің жанында оқшаулау бөлмесі ашылады.

Білім басқармасының ақпаратынша, 2020-2021 жаңа оқу жылында елорда мектептеріне 202 мың оқушы барады. Былтыр 182 279 бала болған.

Бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам бүлдіршінді қабылдау жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 12 453 өтініш берілді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары