$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру көлемі 3,3 есе ұлғайды» - Бейбіт Атамқұлов

Нарық сұранысын қамтамасыз ету үшін 33 жаңа жоба іске асырылуда.

Бүгін Үкімет отырысында «Қарапайым заттар экономика» бағдарламасы аясында жергілікті қамтуды дамыту мәселесі қаралды. Отырыс барысында Индустрия және инфрақұрылымды даму министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстанда құрылыс материалдарын өндеру 3,3 есеге артқанын жеткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Министр хабарлағандай, елімізде құрылыс материалдары индустриясы қарқынды дамып келеді. Сектордың өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі - 6%. Бүгінгі таңда республикада құрылыс өнімдерін 1965 кәсіпорын өндіреді. Оларда 29 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«Құрылыс саласы дамуына орай, құрылыс өнімдеріне қажеттілік те артып келеді. Елімізде соңғы 11 жылда (2008 жылдан 2019 жылға дейін) құрылыс жұмыстарының көлемі 2,5 есеге (1,7 трлн теңгеден 4,4 трлн теңгеге дейін) өсті. Құрылыс саласының өсімі «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», ИИД МБ, Жұмыспен қамту жол картасы аясында ауқымды инвестицияларға, ірі әлеуметтік-мәдени шараларды іске асыруға негізделген», — деді Б. Атамқұлов. 

Құрылыс саласының қарқынды дамуы нәтижесінде құрылыс материалдарының өндіріс көлемі 3,3 есеге артты. 

Мониторинг деректері бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың орташа жылдық жүктеме қуаты 56% құрайды.

Бүгінгі таңда құрылыс индустриясының дамуын тежеп отырған өзекті мәселелер:

- кейбір құрылыс материалдары бойынша импорттың жоғары үлесі;
- өндірістік қуаттардың толық жүктелмеуі;
- өнімді өткізу кепілдігі жоқ;
- сауда алаңдары туралы ақпараттандыру төмендігі.

Құрылыс индустриясын дамытуды қолдау мақсатында келесі шаралар қарастырылады:

- импорт алмастыру бойынша жаңа жобалар құру;
- құрылыс индустриясын дамытуды ынталандырудың жаңа тетіктері;
- «құрылыс материалдарының маркетплейсі» онлайн алаңын құру;
- негізгі импортталатын құрылыс материалдары бойынша инвестициялық паспорттар әзірлеу;
- құрылыстағы қазақстандық мазмұнды нормативтік ынталандыру.

Ведомство басшысы атап өткендей, бұл шаралар кәсіпорындардың қуаттылығын арттыруға, өнімдерді өткізуге және өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда тұрғын және өндірістік ғимараттарды, әлеуметтік нысандарды, инфрақұрылымдарды салу кезінде негізгі  құрылыс материалдары өнімдеріне нарықтың сұранысы 934 млрд теңгені құрайды.

«Отандық кәсіпорындар 586 млрд теңгеге құрылыс материалдарын өндірсе, 348 млрд теңгеге импорттайды. Нарық сұранысын қамтамасыз ету үшін 33 жаңа жоба іске асырылуда. Оның ішінде 8 жоба импорт алмастыруға бағытталады. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде импорт үлесін 15% төмендету және тұрғын үй құрылысында отандық өнімдерді қолдануды 90% арттыру жоспарланып отыр», — деді Б. Атамқұлов. 

Қазіргі уақытта нысандарды салу кезінде құрылыс материалдарының 11 түрі жоғары сұранысқа ие. Олар: шыны, полиэтилен құбырлары, құрғақ құрылыс қоспалары, арматура, керамикалық тақтайша, жылу оқшаулағыш материалдар, керамикалық отқа төзімді кірпіштер, санфаянс, тұсқағаз, шатыр материалдары, лак-бояу бұйымдары.

«Әрине, елде бұл құрылыс материалдарының көпшілігі өндіріледі. Бірақ нарықтың қажеттілігін толықтай жаба алмайды. Биыл біз құрылыс материалдарының 5 түрін (шыны, полиэтилен құбырлары, құрғақ құрылыс қоспалары, арматура, керамикалық тақтайша) өндіру бойынша импорт алмастыратын 8 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Олардың өндіріс көлемі 103 млрд теңгені құрайтын болады. Бұл жобалар ішкі нарықтағы импорт үлесін 15% төмендетеді», — деді Б. Атамқұлов. 

Қосымша жылу оқшаулағыш материалдар, керамикалық отқа төзімді кірпіш, санфаянс өндіретін жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Олардың өндіріс көлемі 61 млрд теңге болады. Бұл құрылыс материалдарының осы түрлері бойынша импорт үлесін 8% азайтуға мүмкіндік береді.

«Құрылыс материалдарының негізгі түрлері бойынша жоспарланған барлық жобаларды іске асыру нәтижесінде импортты 23% азайтамыз. Жалпы, импортты алмастыратын жаңа жобаларды іске асыруды «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ірі құрылыс компанияларымен бірлесіп пысықтауда. Онда оффтейк-келісімшарттар мен тікелей шарттар жасау сияқты сатып алудың түрлі жаңа тетіктерін енгізу көзделген», — деді министр.

Сонымен қоса, өнім құнын төмендету мақсатында отандық құрылыс материалдарын онлайн саудалайтын «Маркетплейс» арнайы ақпараттық алаңын құруды қарастырылуда. Аталған онлайн-портал компьютерлік көру технологияларын қолдана отырып, нақты уақыт режимінде әр объектінің құрылысына мониторинг жасауға және әкімдіктердің қаражатты игеруіне мүмкіндік береді.

«Бұл материалдар құнын 15% төмендетуге және құрылыс материалдары нарығының ашықтығын қамтамасыз етеді. Мемлекеттің қолдауымен онлайн алаң құрылыс материалдарын белгіленген құны бойынша сатуға мүмкіндік береді», — деді министр.

Б. Атамқұлов атап өткендей, бұдан әрі импортталатын негізгі құрылыс материалдары бойынша инвестициялық паспорт әзірлеу жоспарланған. Онда өнім мен шикізат нарығын зерттеу, жобаның орналасуы, қолданылатын жабдықтың сипаттамасы қамтылады. Инвестициялық паспорт белгілі бір құрылыс материалдары өндірісін ұлғайту перспективасы мен экономикалық орындылығын айқындауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, құрылыстағы отандық өнімдер үлесін арттыру үшін нормативтік реттеу жүргізілуде. Бүгінгі таңда қажетті құқықтық база құрылды. Сол бойынша бюджет есебінен қаржыландырылатын жобалар бойынша қазақстандық құрылыс материалдарын міндетті түрде қолдану талап етіледі. Бұл жобалық-сметалық құжаттамада көзделген отандық материалдарды импорттық материалдарға негізсіз ауыстыруды азайтады. Сондай-ақ құрылыс жобаларында жергілікті мазмұнды сақтау бойынша техникалық қадағалаушылар мен тапсырыс берушілердің жұмыс тиімділігі мен жауапкершілігін арттырады.

Бұдан басқа, сараптамадан өткен барлық жобалардың жиынтық ресурстық ведомостары орналастырылған Портал әзірленді. Ол үшін тиісті ережелерге өзгерістер енгізілді:

- мердігерлерге құрылыс материалдарды және қазақстандық мазмұн жабдықтарын қолдануды;
- тапсырыс берушілерге Порталда жиынтық ведомосты жариялауды міндеттейді.
Яғни, отандық тауар өндірушілер жоспарланған құрылыс нысандарының санын, сондай-ақ құрылыс материалдары, бұйымдар, конструкциялар мен құрал-жабдықтардың қажетті көлемін көре алады.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру Қағидасына отандық тауар өндірушілер тізіліміне сәйкес материалдар сатып алуды міндеттейтін құрылыс саласындағы үлгілік шарттарға түзетулер енгізілді. Бүгінгі таңда осы мониторинг бойынша биылғы 6 айдың қорытындысында сараптамадан өткен жобалардағы қазақстандық мазмұн үлесі 90% құрады. Бұл өткен жылғы деңгейден 3% жоғары.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары