$ 494.87  520.65  4.91

«Жасөспірімдер жат ағымның қаупін сезінбейді» - маман

Бір жағынан оқушыларды кінәлауға болмайды.

«Қаланың мектеп оқушыларының жат ағымдар туралы білімдері теледидардан көрген-білгендерімен ғана шектеледі. Қоғамдық біртұтастыққа зиян тигізетін діни ағымдар десе олар оны тек ислам дінімен байланыстырады. Жаңа протестанттық, сектанттық ағымдар дегенді мүлде білмейді. Естісе де, одан зиян келеді деп ойламайды, себебі олардың ішінде де деструктивтік іс-әрекетке жол берілетіні туралы көп айтыла бермейді», – дейді Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Қарлығаш Борбасова. 

Соңғы төрт-бес жылда Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен ақпараттық-түсіндіру тобы мегаполистегі мектеп оқушыларына экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Міне, сол топтың құрамында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Қарлығаш Молдағалиқызы да бар. Мектеп оқушыларымен жиі жұмыс жасап жүріп профессордың байқағаны – қазақ мектептеріндегі балалар бұйығы, яғни тұйық дейді. «Қазақ мектептеріндегі балалардың діни сауаттылық деңгейінің төмендігі байқалады. Суырылып алға шығып, өз ойын айта бермейді. Іштері сайрап тұрса да, сыртқа шығарып, ойын бөліспейді. Балаларда белсенділік өте аз. Рухани білім жағынан қазақ балалары артта қалып барады. Жаңа нәрсе білсем деп ұмытылып тұрмайды» дейді профессор.   

– Қаладағы мектептерге біз қатарынан 4-5 жыл бардық. Негізгі мақсат – теріс ағымдардың идеологиясын түсіндіру. Яғни солардың қатарына кетіп қалмаудың алдын алу шараларын жүргізу. Бізге берілетін 40 минуттық дәріске жоғары сыныптың оқушылары қатысып жүрді. Дәріс арасында дін дегеніміз не, қандай дін өкіліне өздеріңді жатқызасыңдар және не үшін деген сұрақтар қоямын. Жат ағым туралы не білетіндерін сұраймын. Сенесіз бе, екі жүз оқушының арасынан он шақты бала ғана жауап беруі мүмкін, – дейді Қ.Молдағалиқызы. 

Бір жағынан оқушыларды кінәлауға болмайды. Себебі, сектанттық ағымдар туралы кейбір ересектердің өзі де біле бермейді. Ал мектептегі дінтану пәні өз деңгейінде өтіп жатқан жоқ көрінеді. 

– Мектепте дінтану пәнін тарихшылар береді. Негізінде өз маманы берген дұрыс болар еді. Өйткені, мен бір жоба бойынша бес мектептің дінтанудан сабақтарына қатыстым. Сонда бір мұғалім иудаизмнің кітабы, рәміздері және ғұрыптары туралы айтып тұрып оны индуизм деп бірнеше рет шатастырып алды. Сол кезде еріксіз ол мұғалімді оқушылардың көзінше тоқтатып, иудаизм деп айтыңыз деп ескерттім. Ал ислам діні дегенде оның шығу және таралу тарихы мен негізгі бағыттары туралы ғана айтады. Діннің негізіндегі имандылыққа басты назар аударылмайды. Біздің ата-бабамыз өмір сүру салтында балам, өзіңе де, досыңа да адал бол. Ешқашан өтірік айтпа, үлкеннің алдын кеспе, наныңды адал еңбекпен тап, айналаңа мейірімді бол деп айтып отыратын. Біз өзіміз осындай тәрбиемен өстік. Исламдағы имандылық деген осы ғой. Ал мектепте моральдық принцип бір бөлек, дін бір бөлек сияқты қарастырылады екен. Шындығында адамгершілік пен имандылық бір философия ғой, – деді профессор. 

Қазіргі әлеуметтік желі дамып, балалардың оқуы да қашықтан интернет арқылы жүзеге аса бастаған заманда 15-16 жастағы жасөспірімдер, яғни мектеп оқушыларының әр түрлі діни ағымдарға кіріп кету қаупі бар дейді Қарлығаш Молдағалиқызы. Себебі, көптеген неопротестанттық ағымдардың сайты мен кітаптарында жасөспірімдер үшін өзекті саналатын махаббат мәселесі, ағылшын тілін үйрену, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас мәселесі, дос табу, өмірдің мәнін іздеу секілді тақырыптар түсінікті тілмен мөлдіретіп жазылады дейді. «Қазақ тілін өте жоғары деңгейде білетін мамандар жұмыс істейді-ау. Қарапайым дүниелерді ерекше бір мейіріммен, сауатты жазғанда, өзіңіз де тамсанып оқығаныңызды байқамай қаласыз» дейді профессор. 

Айта кету керек, Қарлығаш Молдағалиқызының негізгі зерттеу бағыттарының бірі осы неопротестанттық ағымдарға арналады. Аталған тақырыпта біраз мақалалары мен сұқбаттары жарық көрген.   

– Неопротестанттық ағымдарға барғанда қазақтың қаракөз балаларын жиі көремін. Олар сайт пен миссионерлердің кітапшаларында жазылған діни уағыздарды жаттап алған. Екі сөздерінің бірі «Сіз Құдай туралы ойланасыз ба? Құдай сізді жақсы көреді, Құдай бізді жақсы көреді. Сіз Құдай туралы ойласаңыз жолыңызды ашады. Мен сізді қаншалықты жақсы көрсем, Құдай мені соншалықты жақсы көреді» дейді.  

Бұл діни ағымдардың қазақ жеріне келгенінің өзі 90 жылдардан басталды. Соның өзінде біздің жасөспірім балалар осы ағымдардың жетегіне еріп, сол діннің уағызшыларына айналған. Сонда бұл балалар қандай отбасында дүниеге келген? Олар мұсылмандық дәстүрмен тәрбиеленді дегенге күмән туады және соншалықты өзінің ата-баба дәстүрін, ұлтттық құндылықтарын ұмытып, мүлде жат дүниетанымды қабылдауға не түрткі болды деген ой туындайды. «Таза исламдық» жолға еремін деп экстремистік идеологияны тарататын ағымдарға кетіп қалған  балаларымыз туралы да осыны айтуға болады. Діни сауаты жоқ бала кез келген діни ілімнің арбауына жеңіл түсіп қалады. Осындай қауіптен сақтанудың жолы жанұядан басталу керек, ал біздің міндетіміз сол тәрбиені ғылыми негіздеп, тереңірек түсіндіру, – деді профессор. 

 

«Құдай сені жақсы көреді» дегеннен шығады. Осыдан он шақты жыл бұрын мектепте оқып жүргенде, сыныбымыздағы бір ұлдың басқа дінге кіріп кеткен жағдайын көргенбіз. Көбінесе өзімен өзі жүретін. Байқасақ, алдымен анасы кірген, артынан балаларын сол христиандық ағымға алып кірді. Сонда сөйлей қалса сол сыныптасымыз «Құдай сені жақсы көреді» дегенді жиі айтатын. Өмірі ондай сөз естіп көрмеген, сыныптасымызбен сөйлеспеуге, алыс жүруге тырысатынбыз. Аты қазақ болғанымен, сол сыныптасымыз адам танымастай қатты өзгеріп кетті. Алдыңда мүлде басқа адам отырғандай болатын. Сөйтсек, оның әлеуметтік жағдайының төмендігі анасының сол ағымға кіруіне себеп болған көрінеді.  

 

Бәрін айт та, бірін айт қандай қауіп болсын, оның алдын алған ұтымдырақ. Мәселен, Германиядағы мектеп оқушыларына таратылатын үнпарақта олар біздегі сияқты жат ағым деп жұмсартпай, тоталитарлық секталар деп атап, олардың 17 түрлі белгісін көрсетеді екен. («Жаналғыш діндер». Орысшадан аударған Д.Белдеубайұлы. Таң-шолпан журналы, 2012)

1. Секта саған осы күнге дейін не жетпей келгенін тап басады. Топқа енгеннен іздегеніңді табасың. 

2. Алғашқы кездесуде-ақ сенде жаңа көзқарас пайда болады. 

3. Топ мүшелерінің дүниетанымы таңданарлық деңгейде қарапайым. Әрі кез келген мәселені түсіндіре алады. Яғни жауаптары дайын. 

4. Топ мүшелеріне дәл мінездеме беру қиын. Сен тексеруге, не ойлануға тиіс емессің. Сенің жаңа достарың былай деп құйқылжытады: «мұны сөзбен түсіндіру мүмкін емес. Басыңнан кешуің керек. Қазір біздің орталыққа барайық?».

5. Топтың ұстазы, іс жүргізушілері, көсемі болады. Барлық ақиқат тек көсемге аян. 

6. Осы топтың оқуы ғана мәңгілік ақиқат білім. Дәстүрлі ғылым, қалыпты шығармашылық ойлау, парасат түгелімен жоққа шығарылады. Олар негізсіздік, шайтандық, білімсіздік делінеді. 

7. Басқалардың сыны – топ ішінде олардың ісінің дұрыстығының айғағы болып есептеледі. 

8. Әлем апатқа беттеп барады. Оны құтқарудың жолын тек осы топ біледі -мыс. 

9. Осы топ қана – элита. Қалған адамдар түгел ауыр науқас, қатты адасқан: оның дәлелі не өздерін құтқаруға жол бермейді не топқа тілекші болайды.  

10.  Сен жылдам осы топқа мүше болуың керек. 

11.  Топ сенің басқалармен қарым-қатынасыңды шектейді. Мысалға, киімің, тамағың, сөйлейтін сөзіңе дейін анық белгіленген. 

12.  Топ сенің бұрынғы байланыстарыңды үзуіңді қалайды. Себебі, олар «сенің рухани жетілуіңе» кедергі келтіреді. 

13.  Сенің жұбайлық қарым-қатынасың да реттеледі. Мүмкін жұбыңды тауып береді. Әлде отбасылық өмірге мүлдем тыйым салады. 

14.  Топ саған бос уақыт қалдырмайды. Кітап не газет сатасың. Курстарға барасың. Жаңа мүше іздеуге шығасың және т.б. 

15.  Ешқашан жалғыз қалдырмауға тырысады. Топтың бір мүшесі міндетті түрде сенімен бірге болады.  

16.  Егер күдіктене бастасаң уәде етілгендей «табыстарға» жете алмасаң, бәрібір өзің кінәлісің. Бәлкім онша сенбейсің, әлде өзіңді өзің дұрыстап қолға ала алмай жүрсің. 

17.  Құтқарылудың жалғыз жолы осы болғандықтан, топ ережелерінің сөзсіз сақталуын, тәртіпті болуыңды қатаң талап етеді. 

Үнпарақ төмендегідей ескертумен тәмамдалады. 

«Егер сен жарылқаушылардың ісінен осы 17 түрлі белгінің біреуін байқасаң: Сақтан!» дейді. 

Бұл белгілер біздегі жат ағымдарға да тән секілді. Бәлкім, біздің де мектеп оқушыларына осындай үнпарақтар тарату қажет шығар?! 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#жат ағымдар