Алдыңғы аптада Эквадорда болған жойқын жер сілкінісінің салдарымен күрес жұмыстары елде әлі жүріп жатыр. Құтқарушылар қирандылар астынан аман қалған адам табудан үміттерін үзген жоқ. Дайко есімді қызметтік иттің өзі үй астында қалған 7 адамды тауып, өмірлерін аман сақтауға үлкен көмегін тигізген. Өкінішке қарай, мақұлықтың өзі әлсіздіктен өліпті. Бұл туралы жергілікті El Universo басылымы хабарлап отыр.
Құтқарушылар қызметтік иттің өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгенін жасағанымен, бұл әрекеттерінің нәтижесіз болғанын айтады. «Төрт аяқты досымыз өз өмірін қызметі үшін құрбан етті. Пелерналестегі және өзге де құтқару жұмыстарында көмекке келгенің үшін үлкен рахмет, Дайко!», — делінген эквадорлық құтқарушылардың мақаласында.
4 жасар Дайко соңғы үш жылда құтқару қызметінде көмекші ит болған.
Естеріңізге салайық, магнитудасы 7,8 балл болатын жойқын жер сілкінісі Эквадорда 17 сәуірге қараған түні орын алған болатын. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, дүмпудің эпицентрі Муисне елдімекенінен 27 шақырым қашықтықта орналасқан. Ошағы 19,2 шақырым тереңдікте. Апат салдарынан 570 адам қайтыс болды.