22 шілдеден бастап Алматыда үш ақылы тұрақ іске қосылады. Жаңа ақылы тұрақтар Мақатаев пен Райымбек көшесі арасындағы Панфилов көшесінде, Сәтбаев пен Абай көшесі арасындағы Уәлиханов көшесінде, Мақатаев пен Мәметов көшесі арасындағы Наурызбай батыр көшесінде пайда болды, - деп хабарлайды Sn.kz.
Барлығы 133 тұрақ орны ашылады.
«Бұл жерлерде жұмыс уақытында трафик тудыратын кеңсе, мейрамхана мен түрлі орындар орналасқан. Биыл тегін автотұрақтарда көлік толы болды және қала билігімен талқылаудан кейін бұл учаскелерді ақылы ету туралы шешім қабылданды.
Негізгі мақсат – тұрақтардың орнын көбейтіп, барлық азаматқа қоғамдық орында бірдей құқық беру. Тариф артық трафиктің болмауына, күні бойы бос орындар санын ұлғайтуға, тұрақ процесін реттеуге, тұрақ орындарын дұрыс бөлу арқасында заң бұзушылықтар санын азайтуға және ағын қозғалысының жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді», – дейді Almaty.Parking өкілдері.
Қоғамдық кеңес өкілдерінің айтуынша, жоба іске қосылғалы ақылы автотұрақ аймақтарында қозғалыс жылдамдығы 12%-ға артып, қала орталығындағы көлік саны 15%-ға азайған. Тұрақтың орташа уақыты 50%-ға дейін қысқарған.
Алматы қаласының бірыңғай автоматтандырылған тұрақ кеңістігін дамытуға арналған инвестиция көлемі бүгінде 3,96 млрд теңгені құрады. Алматыда тұрақ кеңістігін ұйымдастыру жөніндегі барлық реформалар жеке инвестор есебінен жүргізілді.
Айта кетейік, Алматы қаласында ақылы автотұрақтар жүйесінің жұмысы барысында бюджетке барлығы 1,7 млрд теңге түсті, оның ішінде 561 млн – салық аударымдары, 267 млн – көлік тұрағы үшін төлемдер, 247 млн – мемлекетке міндетті төлемдер, сондай-ақ 622 млн теңге жол жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұл түрінде қала бюджетіне түсті.