07.07.2020, 10:57

«Алатау сити» тұрғын үй кешені кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі

Одан бөлек, бұл жаңа тұрғын үй кешенінде енді бүлдіршіндерге арналған бала-бақша салынбақ. 320 орынға шақталған бөбекжайдың ашылуы келесі жылға жоспарланған.

Алматыдағы «Алатау сити» тұрғын үй кешені кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Бұл үйлердің жартысынан көбі түрлі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен салынып жатыр. Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында орналасқан нысандағы 16 үйдің 96 пәтері халық игілігіне беріліп қойған, деп хабарлайды Sn.kz.

Су жаңа тұрғын үй кешені инфрақұрылымы қалыптасып біткен аумақта орналасқан. Мұнда «Алматы арена» спорт кешені, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, фитнес орталықтар, мектептер мен балалар ауласы бар. Қазір бұл маңда 5 мың орынға арналған жаңа мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Кешеннің сыртқы инженерлік желілері мен көріктендірілуі толығымен әкімдіктің қолдауымен жүзеге асты.

«Бұл үйлердің жартысынан көбі түрлі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен салынып жатыр. Мұны ерекше айта кеткен жөн. Оған «Самұрық Қазына» бағдарламасы, біздің «Қазақстан ипотекалық компаниясына» салып жатқан үйлеріміз кіреді. Әлеуметтік маңызы бар нысандарды тұрғызуға қолдау көрсеткені үшін қала басшысы Бақытжан Сағынтаевқа айтар алғысымыз шексіз», – деді компанияның коммерциялық директоры Андрей Петухов.  

Осыдан тура 1 ай бұрын қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысымен өзі жеке танысып қайтқан болатын. Ол ауданда қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыстың сапасына ерекше көңіл бөлуді талап етті. Одан бөлек, бұл жаңа тұрғын үй кешенінде енді бүлдіршіндерге арналған бала-бақша салынбақ. 320 орынға шақталған бөбекжайдың ашылуы келесі жылға жоспарланған.

«Қала әкімдігі бізге қаржылай қолдау көрсетті. Тұрғын үй кешеніне коммуникация тартуға және айналаны ретке келтіріп, абаттандыруға әрдайым қол ұшын созды. Атап айтқанда, халыққа қажетті су, жылу, кәріз, жарық сымдарын тартып берді. Сондай-ақ, біз мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында 320 орынға арналған балабақша саламыз. Ашылуы 2021 жылға жоспарланған», – деді құрылыс компаниясының бас архитекторы Али Кулаев.

Ал мұндағы 39 пәтер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары мен қызметкерлеріне бөлінді. Бұл «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» мен Білім және ғылым министрлігі арасында келісімге қол қоюдың нәтижесінде іске асты. Екі және үш бөлмелі пәтерді толық емес және көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалар, жастар және басқа да санаттағы қызметкерлер алды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтерге қол жеткізген Әбдірахмановтар отбасының қуанышында шек жоқ.

Былтырғы жылдың маусымында «Алатау ситиге» қоныс аударған тұрғындар жаңа баспаналарының артықшылықтарын айтып, қуаныштарымен бөлісіп жатыр.

«Біз қай ауданнан үй сатып аларымызды білмей біраз жүрдік. Мына болашағы зор ауданға көшіп келгенімізге еш өкінбейміз. Күрделі жөндеуден толық өткен пәтеріміз. Ештеңесін өзгертпедік. Қабырғалары тегіс, едендерінің түсі үйлесімді-ақ. Бәрі жақсы жасалған», – деді қала тұрғыны  Гүлмира Шуақова.

«Алатау сити» тұрғын үй кешені 12 қабатты 41 үйден тұрады. Құрылысы 2017 жылы басталған пәтердің 1 шаршы метрінің құны 265 мың теңгеден жоғары.