Өскемен іргесіндегі Прапорщиково ауылында орын алған қанды қылмыс жайында ШҚО ІІД-нің өкілдері айтып берді. Өткен аптада мұнда 14 жастағы оқушы бала жоғалып кетіп, екі күннен кейін оның өлі денесі табылған болатын.
Полицейлер аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен марқұмның сыныптас қызын ұстапты.
"Бір сыныпта оқитын оқушы қыз ұсталды. Ол қылмысты жасағанын мойындап отыр" дейді ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Торғаев. Бұл іске жасөспірімдер қатысты болғандықтан тергеу аяқталғанша ешқандай мәліметтер айта алмаймыз дейді ол.
Тергеу барысында белгілі болғандай, қайтыс болған оқушының денесінен бірнеше пышақ жарақаттары табылған. Сондай-ақ, оның басынан кірпішпен ұрғаны да белгілі болып отыр. Полицейлер мұны растады. Ал, күдікті қыз болса тергеу аяқталғанға дейін ата-анасының жанында болады.
Естеріңізге салайық, 14 жастағы Медет Маратов 20 сәуір күні жоғалып кеткен болатын. Ол мектептен шыққаннан кейін сол күйі үйіне оралмаған. Анасының айтуынша, ұлы еш уақытта себепсіз кешікпейді екен. Сондықтан ол дереу полицияға хабар берген. Тәртіп сақшылары баланың мәйітін бұрынғы жылыту қазандығы болған ғимараттан тапты.