08.08.2020, 21:15

Енді сатып алынған көлікті автосалонда тіркеуге болады

Фото: atpress.kz
Автокөлікті таңдау, банк операторының несие ресімдеуі, ХҚКО операторының автокөлік кепілдігін ресімдеуі, мемлекеттік нөмір мен техникалық құжатты алу – бәрі бір жерде, автосалонда жасалады.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы автокөлікті тіркеу рәсімі тағы да жетілдіріліп, жеңілдейтін болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Бағдат Мусин Facebook-тегі парақшасында жазды.

"Апта басында мамандандырылған ХҚКО-ға бардым. Адам өте көп. Әрине, біздің міндетіміз – қызметтің бәрін автоматтандыру. Ішкі істер министрлігіне цифрландыру бойынша жаңадан тағайындалған вице-министр Сәкен Сәрсеновпен бірге процесті жеңілдетуді пысықтаудамыз. Жүргізілген талдау нәтижесі Нұр-Сұлтан қаласында ресімделетін автокөліктің 30%-і автосалоннан сатып алынатынын көрсетті. Сондықтан автосалондарда мамандандырылған ХҚКО бұрышын ұйымдастыруды ұйғардық. Автокөлікті таңдау, банк операторының несие ресімдеуі, ХҚКО операторының автокөлік кепілдігін ресімдеуі, мемлекеттік нөмір мен техникалық құжатты алу – бәрі бір жерде, автосалонда жасалады", – деді Бағдат Мусин.