Украина президенті Владимир Зеленский Беларусь халқын дүрлікпеуге және көшедегі зорлық-зомбылықтан бас тартуға шақырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның бұлай деуіне Александр Лукашенконың президент сайлауында жеңіске жетіп, халықтың наразылық акциясына шыққаны себеп болып отыр. Бұл жайлы ол Facebook парақшасында жазды. Зеленский елдің билігін төзімді болуға үндеп, Беларусьтің шын мәнінде демократиялық ел болуына тілекші екендігін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Беларусь елінде 9 тамызда президенттік сайлау өтті. Сайлаудың алдын ала ресми қорытындысы жарияланып, қазіргі басшы Александр Лукашенко жеңіске жеткен. Оның жеңісіне күмәнданған халық дүрлігіп, Беларусьтің бірнеше қаласында жаппай тәртіпсіздік орнады.
Полиция жасағы көшеге шыққан мыңдаған демонстрантты күш қолданып әрең таратқан. Олар тіпті, наразыларды тарату үшін резеңке таяқпен ұрып, көзден жас ағызатын газ бен су шашып, қатты дыбыс шығаратын жарқылдақ граната қолданған.
Тағы оқи отырыңыз: «Беларусь президенті Александр Лукашенко елден кетіп қалды» - шетелдік БАҚ
Беларусь ақпарат құралдарының хабарлауынша, Минскіде шамамен 20 мың адам көшеге шыққан. Олардың ішінде ауыр жарақат алғандар да бар. Бір адам қаза тапқан. Сол секілді, тағы бір адамды автозак соғып кеткені айтылады. Жүзден астам адам қамауға алынған.
Қазіргі уақытта елде жағдай аздап тұрақтала бастаған.