Бүгін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай мұрасының ұлттық әдебиет пен мәдениеттегі маңыздылығы» тақырыбында республикалық онлайн конференция өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ғылыми конференция жұмысының негізгі бағыттары:
1. М.Әуезовтың «Абай жолы» романындағы «Ұлы дала өркениеті»
2.Абай мұрасындағы адамгершілік ілімі
3. М.Әуезовтың «Абай жолы» романындағы «Абай және тарихи тұлғалар бейнесі»
4. Абайдың хакімдік қыры
5.Абайдың ұстазы-Қамараддин хазірет
6.Абай жолы романындағы «қазақ әйелінің образы»
7.Абайдың қара сөздерінің бүгінгі күнгі өзектілігі
Аталмыш конференцияға мұрындық болған облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы.
Конференция тарих ғылымдарының кандидаты және бүгінгі шараның модераторы Н.Мыңжастың кіріспесөзінен басталды.
Республикалық басқосуда М.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Гүлжахан Орда, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Марат Нұрғазыұлы Бекбосынов, Шәкәрім университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Айман Советқызы Ақтанова, «Өрлеу» ұлттық орталығының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберліұлы, Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Ералықызы Айтбаева, профессор, экономика ғылымдарының кандидаты Қазыбай Құдайберген, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қылышбайұлы Қосанов сынды белгілі ғалымдар ақын мұрасы жайлы тың деректерге негізделген баяндамалар жасады.
Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасы, теңдессіз дана ойлары мен шығармалары бүкіл әлемдік қазынаға қосылған алтын қор екені талассыз.
Абайға арналған бүгінгі республикалық дәрежедегі ғылыми конференция ақын мұрасын жас ұрпаққа үлгі етуді көздейді.
«10 тамыз-Абай күні» өткен осынау алқалы жиынды қорыта келе Н.К.Мыңжас «Абай шығармашылығы арқылы біз адамтануға, адами капитал идеясына түбегейлі бет бұрып жатырмыз» деген ойын білдіріп, конференцияны ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың а.ж. 9 қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде «Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан үзінді келтірді. Мемлекет басшысының «Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін. Абай сыны-ауыр сын, сындарлы сын... Абай мұрасы-біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деген ой-орамдарымен қорытындылады.