Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған мерекелік шеру Ақтау қаласында да өтпейтін болды деп жазады "Лада" порталы. Бұл туралы тілшілерге Ақтау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжазира Алдашева мәлімдеген.
Осылайша, еңбек ұжымдарының, этномәдени орталықтардың және өзге де ұйымдардың қатысуымен жыл сайын өтіп келген мерекелік шеруді өткізуге биыл тыйым салынып отыр. Сондай-ақ, мерекеге арналған қос концерттік бағдарлама да болмайтын болды. Ал, себебін әкімдіктегілер айта алмады.
- Таңертеңнен бастап ән ойнап, этномәдени орталықтар жасаған көрме қала тұрғындарының назарына ұсынылады. Сондай-ақ, өндірушілердің өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Шеру мен концерт болмайтын болды, - дейді Гүлжазира Алдашева.
Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласының әкімдігі де 1 мамырға арналған мерекелік шеруді өткізуден бас тартқан болатын. Жергілікті шенеуніктер мұны Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен байланыстырып отыр.
Осы орайда ел тұрғындарының кеше ғана Жер кодексіне қарсы наразылық митингілерін өткізгендігін де айта кету керек. Бір апта ішінде Атырауда, кейін Семей мен Ақтөбеде, ал кеше Ақтауда өткен митингте тұрғындар Үкіметтен осынау заңды қайта қарап, ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге жалға бермеуін талап етіп отыр.