Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінде оқитын Санжарбек Арзиевті полиция қызметкерлері, туған-туыстары және курстастары төртінші күннен бері іздеп таппай жатыр деп жазады KTK.
Университеттің бесінші курсында оқитын Санжарбек сәуірдің 29-нан 30-на қараған түні достарымен туған күнін тойлапты. Түнгі сағат 2 жарым шамасында Құрманғазы көшесі мен Есентай өзенінің қиылысқан тұсында көлікті тоқтатып, сыртқа шығып, сол күйі ұшты-күйлі жоғалған. Тек оның темір қоршаудан өзен аңғарына қарай секіріп кеткені жақын маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Бірақ өзен арнасын сүзіп шыққан сүңгуірлер онда адам денесін таба алмады. Сөйтіп, аяқасты жоғалған студент не судан, не жерден табылмай жатыр. Полициядан бөлек, туған-туысы мен бірге оқитын курстастары бүгін үшінші күн қатарынан Санжабекті іздеп бүкіл қаланы шарлап жүр.
Еркебұлан Нұрболатов, С.Арзиевтің курстасы:
- Біз ойладық, жоғары қарай кетіп қалған шығар деп, дереу Весновкамен Абай көшесіне қарай көтеріліп, келесі бетімен түстік төмен қарай. Сол жүргізуші бала екеуміз мынау төмен қарай барып, көріп келдік. Ол жақта болған жоқ. Сосын ойладық, такси ұстап үйіне кетіп қалған шығар деп біз машинаға отырдық та кетіп қалдық.