Қазақстан алтын мен алмаз және өзге де бағалы металдар кенішін аукцион арқылы сатқалы жатыр. Жалпы сатылымға 101 жер телімі шығарылады. Олардың қатарында алтыннан бөлек мыс, марганец және өзге де түсі металл кеніштері бар деп жазады Informburo.kz.
Қазақстанда жер қойнауын аукцион арқылы сату шарасы ағымдағы жылдың 16 маусымына жоспарланған. Аукцион Халықаралық тау-кен-металлургия конгресі аясында жүргізіледі делінген Конгрестің ресми сайтында.
Бәссаудаға шығарылатын 101 лоттың ішінде жер бетінде сирек кездесетін металдар мен бағалы тастардың кеніштері де бар. Атап айтқанда, алмаз, литий, алтын, марганец, қалайы, мыс, темір және өзге де бағалы металдар.
Аукционда кім жоғары құн ұсынады - сол жеңеді. Бірінші болып Ақмола облысындағы "Комсомольский" алтын кеніші саудаға шығарылмақ. Оның бастапқы бағасы - 9 436 000 теңге. Ал, сирек кездесетін металдар мен СҚО-дағы "Қаратал" алмаз кенішінің ең бастапқы бағасы 280 АЕК-тен кем болмауы тиіс. Аукционға қатысуға өтінім беру 2016 жылдың 26 мамырына дейін жалғаспақ.
Аукционда жеңіске жетіп, жер қойнауын иеленген азаматқа міндетті салық төлемдері жүктеледі және 30 тәулік ішінде келісілген қаражаттың 50 пайызын төлеуі тиіс.