$ 498.55  524.28  4.75

«Басшысының тапсырысымен» кісі өлтірген атыраулық полицей 22 жылға сотталды

Атырауда тағы бір атышулы іске нүкте қойылды. Өзбекстандық кәсіпкерді өлтірді деп айыпталған экс-полицей Манарбек Өтеуовті сот оннан аса бап бойынша кінәлі деп тауып, оны 22 жылға бас бостандығынан айырды. Бұған дейін айыпты азамат бұл қылмысқа өз басшысының тапсырыс бергенін айтқан болатын.

Естеріңізде болса экс-полицей адам өлтіру, бопсалау сында ауыр қылмыстардың барлығын басшылардың тікелей бұйрығымен орындадым деп, атышулы хатын жазған болатын. Қазір сол Өтеуов айтқан деректер бойынша Атырау қалалық Ішкі істер басқармасында тексеру жүріп жатыр деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Полиция лейтенанты Манарбек Өтеуов 9 айдан бері қамауда отыр. Бүгінгі сотта да ол өзбекстандық  Дмитрий Кимді 40 жерден пышақтап, қала сыртына көміп тастағанын мойындады. Кейін оның тұрып жатқан үйіне келіп, сейфтегі 1 миллион теңгеден астам ақшаны алып кеткен. Өтеуовтің бұдан басқа да ауыр қылмыстары жетерлік. Бірақ экс-полицей мұның барлығын бастықтың тапсырмасымен істедім дегеннен танған жоқ. Бүгінгі соңғы сөзінде де соны қайталады. Бірақ, нақты қандай қылмыс екенін ашып айтпады. 

Ал, Өтеуовтің атышулы хаты бойынша тексеру жалғасып жатыр. Әзірге дәлелденген дерек жоқ. Естеріңізге салсақ, экс-полицей түрмеде жатып жазған хатында басшыларының былығын тізген болатын. Онда шенді полицейлер бас-басына коттедж тұрғызу үшін құрылыс базарындағы саудагерлерді бопсалағаны айтылады. Жезөкшелерден де салық алынған. Тіпті қарапайым тұрғындарға жасамаған қылмысты мойнына іліп, абақтыға жауып отырған көрінеді. Егер осы айтылғандардың ең болмаса біреуі расталса, талай шенді жылы орындарын босатқалы отыр. Іспен қазір Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел тергеу тобы айналысуда. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары