$ 494.87  520.65  4.91

Экология министрі Тоқаевқа есеп берді

Жоспарды іске асыру арқылы экологиялық туризм саласына 70 млрд теңгеге дейін жеке инвестицияларды тартуға, 4 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
фото: stan.kz
фото: stan.kz

Президент Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің саладағы атқарылып жатқан жұмыстарының есебін тыңдады.

Президентке елімізде балық шаруашылығын дамыту перспективалары туралы баяндалды. Министрдің дерегіне сүйенсек, 2019 жылы балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 66 мың тоннаны құраған. Оның ішінде балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру – 7,4 мың тонна, балық импорты – 43,5 мың тонна, экспорты – 30 мың тоннаға жеткен. Ғалымдардың пайымдауынша, елдегі су қоймаларда жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге мүмкіндік бар.

Мемлекет басшысы қолда бар мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін айтты. Министрлікке барлық облыстармен бірлесе отырып, осы жылдың қараша айына дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, бекіту тапсырылды.

Кездесуде өңірлердегі экологиялық жағдайға ерекше мән берілді. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта қоғаммен бірлесе отырып Алматы, Теміртау қалаларының және Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстарының экологиялық мәселелерін шешу жөніндегі жол карталары әзірленген.

Президент нақты индикаторларды анықтай отырып, еліміздің өңірлеріндегі экология мен атмосфералық ауаны жақсарту бойынша белсенді әрі тиімді жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасының әзірленіп жатқаны туралы ақпарат берілді. Мемлекет басшысы әсіресе өскелең ұрпақты тәрбиелеуде бұл құжаттың маңыздылығын атап өтті.

Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысына Қазақстанның ұлттық парктерінде экологиялық туризмді дамытудың жоспарын ұсынды. Жоспарды іске асыру арқылы экологиялық туризм саласына 70 млрд теңгеге дейін жеке инвестицияларды тартуға, 4 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Президент ұлттық парктердің әлеуетін нығайтуды міндеттеп, экологиялық туризмді ілгерілету жұмысын жалғастыруды тапсырды.

Сұхбаттасу барысында геологиялық барлау саласының мәселелері қозғалды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның назардан тыс қалған және келешегі бар бассейндерін зерттеуге және оларды игеру мақсатында инвестиция тартуға күш жұмылдыру қажеттігі туралы айтты.

Мағзұм Мырзағалиев бұдан басқа өңірлерде суарылатын жерлерді енгізу және жаңа суқоймаларының құрылысы бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы айтты. Мемлекет басшысы суарылатын жерлерді енгізу бойынша жүргізіліп отырған жұмысқа жақсы баға беріп, су үнемдейтін технологияларға және су саласын цифрландыруға жеделдетіп өтуді тапсырды.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары