ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында 5 жасқа дейінгі балалардың маска тағу мәселесін қозғады. Бұл туралы Baq.kz хабарлады.
"Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес 5 жасқа дейінгі балаларға маска тағу міндетті емес", - деп жауап берді Қожахметов журналистің қойған сұрағына.
Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы бойынша маска тағуға міндетті:
- қоғамдық орындарда, халықтың келуіне, қызмет көрсетуіне және демалуына арналған үй-жайларда, қоғамдық көлікте, 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау кезінде қоғамдық тамақтану орындарында тамақ ішу жағдайларын қоспағанда;
- қоғамдық орындарда 5 жасқа дейінгі балаларды және жеке, топтық спортпен шұғылданатын адамдарды қоспағанда, әлеуметтік қашықтықты сақтаған кезде 5 адамнан аспайтын ашық ауада.
Онлайн брифинг барысында ДСМ өкілі мектепке баратын балаларға медициналық қолғап кию міндетті емес екенін мәлімдеді.
"Медициналық қолғап киюдің қажеті жоқ. Осы бойынша әлеуметтік желіде түрлі жалған ақпарат тарап жатыр. Ал масканы сабақ кезінде балалар тағады. Себебі, балалар жиі ауырмағанымен, олар вирус тасымалдаушы болып келеді. Үлкендерге жұқтыруы мүмкін", - деді министрлік өкілі.
Бұған дейін Денсаулық министрлігінің медиа орталығына келіп түскен ресми ақпаратқа сәйкес осы жылдың 13 наурызынан бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясымен 104 713 адам ауырғаны хабарланды.