1 мамыр күні Қызылордада мерекелік шаралардың соңы тәртіпсіздікке ұласқаны белгілі. Жердің шетелдіктерге жалға берілуіне қарсылық білдірген қала тұрғындары үкіметтен Жер кодексіне өзгерту енгізуін талап еткен болатын. Алайда, митингке күштік құрылым өкілдері араласып, соңы күш қолдануға дейін барды.
Ал, сол күні кешке әлеуметтік желілерде Қызылордадағы митингтен кейін адам өлгені туралы хабарлама тарап кетті. Денесі қанға боялған ер азаматтың мәйітінің суретін таратқандар оны тәртіп сақшылары ұрып өлтіргенін айтқан болатын. Алайда, сол күні-ақ бұл ақпараттың жалған екені әшкереленді. Енді араға бес күні салып елді арандату үшін жалған мәлімет таратқан күдікті де қолға түсіп отыр. Ол Алматы қаласының тұрғыны болып шықты.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, арандату үшін арнайы әзірленген. Фотодағы оқиға өзге республикада орын алған жағдай, оның Қазақстанға еш қатысы жоқ" дейді Қызылорда облыстық ІІД өкілдері.
Тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғап, күдіктіні Алматы қаласынан ұстаған. М.Жақауов есімді азамат қамауға алынып, тергеу барысында өз кінәсін толық мойындаған. Енді оның айыбы сотта дәлелденсе күдікті 5000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 2 жылдан 5 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айрылуы мүмкін.