Ақмола облысының Бұланды ауданында мамонттың сүйегі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығына сілтеме жасап.
Орталық мамандарының мәліметінше, мамонттың сүйегі Новобратск ауылдық округіне қарасты Буденновка ауылының маңынан ағып өтетін Аршалы өзенінің жағасынан табылған. Оны осы ауылдың жергілікті тұрғыны Валерий Дубовик кездейсоқ тауып алып, кейін тиісті органдарға хабарлаған. Мамонттың сүйегі табылған жерге облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Серік Ысқақов пен мамандары барды.
«Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға, COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына және карантиндік режимнің енгізілуіне, түрлі іс-шараларды өткізуге тыйым салынуына байланысты, Орталық табылған мамонт сүйегін одан әрі терең зерттеуге Қазақстан Ұлттық музейінің ғалымдарын шақыра отырып, осы жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 2021 жылғы жоспарға енгізу міндетін алға қойып отыр», - дейді Серік Ысқақов.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталық мамандары атап өткендей, кездейсоқ олжа ғалымдар мен зерттеушілерге, ғылыми-зерттеу процесінде қызықты болып, жануарлардың тіршілік ету ортасын кешенді зерттеуге мүмкіндік береді деп отыр.
Еске сала өтсек, осыған дейін алып жануарлар сүйектері Зеренді, Шортанды, Жақсы, Целиноград аудандарында табылған болатын. Бұл жолы табылған сүйек осыдан 10 мың жыл бұрын өмір сүрген мамонттың сүйегі болуы мүмкін. Оның ұзындығы 1,5 метрді құрайды. Қалыңдығы 30 см жақсы сақталған.
Қазіргі таңда, аталмыш мамонттың сүйегі дәйекті әрі егжей-тегжейлі зерттеу үшін Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.