$ 494.87  520.65  4.91

«Күйеуімнің уағызына қарсы тұра аламын деп ойладым...»

Каринаның өз өмірімен бөліскендегі жалғыз мақсаты – өзі сияқты тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қыз-келіншектер болса, салы суға кетпесін дейді.
Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Менің есімім – Карина (кейіпкердің аты-жөні өзгертілген. – Ред.), жасым 34-те. Алматыдағы ірі клиникалардың бірінде дәрігер болып жұмыс істеймін, – деп әңгімесін бастаған келіншек бес жыл бұрын салафизмнің кесірінен қалай отбасының ойрандалып, ортасына түскенін, күйеуінен айрылғанын және не себепті бүгінде психологқа барып жүргенін әңгімелеп берді.  

Адамның жеке басына қатысты оқиғаны өзгемен бөлісу, оның үстіне ол адам жанын жаралаған жайсыз оқиғаларға ұласқан болса, ол әрине оңай емес. Біз кейіпкердің әңгімесін қысқаша баяндауға тырыстық. Каринаның өз өмірімен бөліскендегі жалғыз мақсаты – өзі сияқты тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қыз-келіншектер болса, салы суға кетпесін дейді. 

Ол бұрынғы күйеуімен 2008 жылы танысып, ұзақ сөйлесіп, араласып жүріп, 2012 жылы үйленеді. Ол кездері оның дінге қызығушылығы болмаған дейді. Бір жыл өткен соң олар Павлодар жаққа қарай көшеді. Міне, барлық әңгіме осы кездері басталған. Айтуынша күйеуі өзінің университетте бірге оқыған курстас досын кездестіріп, сонымен жиі араласа бастайды. Тіпті, бұрынғыдай емес, үйге кешігіп келу деген әдет шығара бастайды. Әйелі сұраған кезде «студенттік шақты еске алып жүрміз» деген жауап естиді. Басында Карина оған еш мән бермей, достарымен жүр ғой деп алаңдамайды. Сөйтсе сол досы деструктивті діни ағымның мүшесі болған. 

Уақыт өте күйеуі өзге адамның кейпіне ене бастайды. Бұрынғыдай емес, көп нәрсеге көзқарасы өзгеріп, ашушаң мінез көрсетеді. Дегенмен, уақытша бір қиындықтары болар жеке басында деп сонда да Карина оған мән бермеген.  

Ал күйеуі бұл кездері салафизм ілімін өте белсенді түрде меңгере бастайды. Досынан жаңа дәріс тыңдап келген сайын ол оны әйелімен бөлісіп, оны да өздерінің қатарына кіруге үгіттейді. Бірақ Каринаның медициналық біліммен қатар көзінің ашықтығы мен сауаттылығы салқынқандылық танытуға көмек болады. Ол үндемей ғана тыңдап, керек жерде өзінің пікірін айтып қалатын. 

Сонда да күйеуі Каринаның «өз жағына» өткенін қалайтын. Жиі уағыз айтып, оның ойындағыдай өзгергенін қалайтынын айтып жүреді. Кейде айтқанынан қайтпай, екеуі сөзге келіп қалып жүрді. Әркім өзінің позициясын дәлелдеуге тырысатын. Сондай кездері ашу үстінде бір-екі рет әйеліне қол да жұмсайды. 

– Мен күйеуімнің айтқан уағыздарына барынша қарсыласып бақтым. Өйткені, оның айтқандары шын мұсылмандыққа қайшы келетін. Оған қарсы тұруға шамам жетеді деп ойладым. Себебі, ата-бабамыздан мұсылман болып келе жатқан қазақтардан ешқашан мен күйеуім айтып жүрген «мұсылманның» бейнесін көрген емеспін. Ол да ойын өзгертер деген үмітпен жүрдім. Бірақ күйеуім маған теледидар қарауға, музыка тыңдауға, билеуге, ойын-сауық орталықтарына баруға, достарым мен туыстарымның туған күнін тойлауға, жаңа жыл, 8 наурыз, тіпті өзімнің туған күнімді тойлауға тыйым салған кезде барып, бәрі кеш екенін, күйеуімнің ойын өзгертпейтінін ұқтым. Бұл кездері баламыз бір жасқа келіп қалған еді. Оның болашағын ойласам, шошитынмын. Содан не болса да ажырасатын болып шештім, – дейді Карина. 

Каринаның ажыраспауға амалы жоқ еді. Өйткені, күйеуі алкогольді сусындар сатылатын жерге аяқ бастыртпайтын. Туыстарының үйіндегі отырыста арақ- шарап болса, ол үйге кіруге мүлде рұқсат жоқ. Осылай араласатын ортамыз тарыла берді дейді Карина. Ал күйеуінің жаңа достарының арасындағы ереже мүлде ақылға қонбайтын. Діндес бауырлар әйелдерін өздері отырған жерге әкелмейді, әйелдерін бір-біріне көрсетуге болмайды. Сондықтан Карина жаңа достарын көрген емес. Егер достары үйге келсе, күйеуі әйелі мен баласын басқа бөлмеге қамап қоятын. Достары үйден шыққанша ол бөлмеден шығуға болмайды. 

– О заман да, бұ заман, қай қазақ үйіне қонақ келгенде басқа бөлмеге тығылып, шықпай қоятын еді?! Күйеуімнің таза ислам дінін ұстанып жүрмін деген осы әрекеттерінен шоши бастадым. Сырт көзбен қараған адамға ол тура робот сияқты көрінетін. Өзге біреудің берген бұйрығын ғана орындайды, өзінің ақылына салып ойлану, өз-өзіне есеп беруден қалған. Бұрынғыдай еркін сөйлесу дегенді ұмыттық. Айтатыны тек дін. Бірақ оны өзі үшін емес, өзге біреулер үшін ұстайтын секілді көрінеді. Мен оған өзіміздің ата-бабаларымыздың дінді қалай ұстанғаны жайлы, өзімнің аз-кем білетінімді айтсам, ол мені тыңдай алмайды. Бірден мені жоққа шығаратын. Өмірімізден береке кетті. Бұрынғы кездерімізді еске алып, оның мүлде өзгергенін айтып, жылап алатынмын. Бірақ ол мені сонда да түсінуге тырыспады, – дейді кейіпкеріміз терең күрсініп. 

Арада бес жыл өтіп кеткеннен кейін болған оқиғаны сөзбен айту бұрынғыдан жеңілірек болар. Бірақ бір отбасында өмір сүрген ерлі-зайыптылардың біреуі көз алдыңда мүлде басқа адамға айналып, үйде күнде ұрыс-керіс, жанжалдан көз ашпаса, оңай емес. Оның үстіне жас баласы бар әйелдің осы қиындықтың бәрін туған-туыстарына айтпай, «бұл қиындықты шешуге өзімнің де шамам жетеді, кімнің үйінде ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды», жас отбасымыз, әлі-ақ бәрі жақсы болады деген іштей үміті оны көп уақыт ажырасуға арыз беруден тартып жүреді. 

Бірақ осы уақыттар ішінде Карина бұрынғыдай емес, өзінің де жүйкесі сыр беріп, психологиялық, моральдық тұрғыдан шаршағанын кеш байқайды. Ол тіпті бұрынғыдай емес, Құдайға сенуге қорқады. Күйеуімен арада жанжал көбейген кездері мүлде арықтап, кәдімгідей стресс алған. Тек дінмен ғана өмір сүруге көшкен күйеуімен адам сияқты тіл табысу мүмкін еместігіне көзі жеткенде барып қана ажырасуға шешім қабылдайды. Амалы жоқ еді. 

Діни көзқарастары жараспағандықтан олар 2015 жылы мамыр айында ресми түрде күйеуімен ажырасады. 

– Күйеуім бір жерде тұрақтап жұмыс істеген емес. Үйленген жылдары сақтандыру компаниясында істеп жүрді. Кейін ол «салафизм» ілімін оқып, үйрене бастаған кездері жұмысын тастап кетті. Өйткені, оларға мұндай жұмыста істеуге тыйым салынған. Сондықтан ол біраз уақыт таксист болып жүрді. Ажырасқалы оның немен айналысып жүргенінен хабарым жоқ. «Діндес бауырларымен» бірге бір тендерлерге қатысып жүрген болу керек, – деді Карина. 

Әрине, бұл жағдайдың бәрі жас баласы бар Каринаға оңай тиген жоқ. Бүкіл өмірінің астаң-кестеңін шығарған салафизмнің кесірі Каринаға физикалық қана емес, психологиялық тұрғыдан да әсер етіп, ол бүгінде психологтың жеке қабылдауына барып жүр. Одан кейін әрине жақындарымның көмегі кәдімгідей тіреу дейді. 

Егер  сіз осындай жағдайдың құрбаны болсаңыз не сондай қыз-келіншектерді көрсеңіз, білсеңіз бірден Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығына» (Төлебаев көшесі, 38, телефон: 8-778-428-0468, 8-778-514-4749) телефонына хабарласыңыз. Бұл орталықта зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп, діни ағымдарды ұстанушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Сәләфизм